Ресей өндіретін S-400 зымыран қорғаныс жүйесін Түркияға орнатудың алғашқы жұмыстары және сынағы басталу алдында. Түркияның ресейлік әуе қорғаныс жүйесін сатып алуы, Анкара мен Уашингтон арасындағы қарым-қатынасқа кері әсерін тигізуде. Қазір, түрік билігі АҚШ-тың F-35 жеткізіп беру келісімін тоқтатып тастауынан алаңдап отыр.
АҚШ пен Түркияның кейбір басылымдары, Түркияның шешіміне қарата АҚШ бір ғана F-35 ұшақтарын беруді тоқтатумен қатар, қосымша санкциялар да салуы мүмкін деп санайды. Егер Уашингтон тарабы бұндай қадамға барса, Анкара да өзінің қажетті шарасын жасауға дайын екенін аңғартқан. Естеріңізде болса, осыдан бұрын түрік президенті Режеп Тайып Ердоған F-35 ұшақтарын жеткізуді тоқтатса, Ресейлік ұшақтарды сатып алуға дайын екенін жеткізген.
АҚШ пен Түркия арасындағы мәміленің салқындауына қарамастан, НАТО Түркиядан қол үзе алмайды. Себебі, Түркияның геосаяси орны НАТО елдері үшін аса маңызды. Былайша айтқанда, Түркия НАТО-ның ең қауіпті шекарасын қорғап тұр.
Шын мәнісінде, Түркия, АҚШ, Ресей арасындағы бұл мәселенің әскери өндірістік, экономикалық және стратегиялық қырлары да бар. Айталық, АҚШ әскери техникасының сауда көлемі ең жоғары. Қару-жарақ саудасы АҚШ қазынасы үшін басты кірістердің бірі. Бірақ, америкалық озық әскери техниканың ресейлік қарсыластары бар. Ресей қарулары қолданыс аясы, мүмкіндігі, икемділігі және кемелділігі жағынан америкалық техникаларға жол бергенімен, өнімі мен бағасы, қолдану уақытының ұзақтығы жағынан артықшылықтарға ие. Қазынасы қалың елдер америкалық қаруларды сатып алғанымен, «қалтасы жұқа», алайда қорғаныс техникасына мұқтаж елдер үшін ресейлік қару-жарақ көбірек өтімді.
Бұл мәселенің бір ғана қыры, үшжақты қайшылық тек бұған ғана тіреліп тұрған жоқ. Тағы бір маңызды мәселе – Түркия соңғы жылдары Еуропаға бағытталған даму стратегиясын өзгертіп, шығысқа қарай бет бұрды. Кейбір халықаралық ойындарда Ресей мен өзіне жақын мұсылман елдерінің жағында көрініп жүр. Бұның өзі қазіргі әлемдік геосаясаттағы «үйектену процесіне» үлкен ықпал етіп отыр. Яғни, Түркия геосаяси тұрғыда АҚШ-қа сенімді одақтас болудан қалып барады.
Бұл саяси өзгерістер белгілі жақтан өңірдегі геосаяси атмосфераға да әсерін тигізеді. Шығыс пен Батыстың ара-қатынасындағы жаңа ережелерді жасап жатыр деуге де болады. Анадолы маңындағы бұл жағдайларды жіті бақылау бізге де аса маңызды.