Өткен аптаның соңында әлем елдерінің назары Жапонияның Осака қаласында өткен «Үлкен жиырмалық» саммитіне ауды. Әлемдегі алдынғы қатарлы экономикаға ие елдердің лидерлері мен өзге де елдер мен ұйымдардың өкілдері шақырылған жиналыс шын мәнісінде де өзіндік маңызға ие еді. Олай дейтініміз, аталмыш жиын халықаралық саяси-экономикалық қайшылықтардың күшейген тұсында өтті.

Сенбі күні саммиттің қорытынды жиналысында Жапонияның бас уәзірі (премьер-министрі) Шинзо Абе баяндама жасап, әлем елдерінің лидерлерін ынтымақтастық пен тұрақты дамуға шақырды. Ол сөзінде әлемді сауда соғысы мен протекционизм толқыны шарпып тұрғанын ерекше атай келіп, қатысушылардан келіспеушіліктерді шешу кезінде ортақ негізге ұмтылуды өтінді.

Жапон премьері сөзінде: «Бізде қазір әлемдік экономика мен тұрақсыздыққа байланысты түрлі алаңдаушылық бар. Шын мәнісінде біздің жауапкершілігіміз бұдан да күштірек. Біз Осакада қабылданған декларацияға негізделе отырып, айырмашылықтардан көрі ортақтыққа қарай ұмтылуға тиіспіз. Алдағы уақытта өзара тиімді, орнықты дамуға ие болашақ қоғамын құрғанға дейін бірге жұмыс істей берейік», – деді.

Жапонияның бас уәзірі сөзінде АҚШ президенті мен Қытай басшысына да ұсынысын айта кетті. Оның ойынша, Трамп пен Ши Жинпиң сауда қайшылығын шешу үшін сындарлы пікір талас жүргізуі керек. Сондай-ақ, сенбідегі отырыста Сауд Арабиясының тақ мұрагер ханзадасы Мұхаммед бин Салман да Жапон бас уәзірінің сөзін қостап, халықаралық ынтымақтастық пен тұрақтылық үшін үйлестіру жұмыстарының керек екенін айтты.

Оспакадағы жиналыста бірқатар елдердің басшылары жекелеген кездесулер өткізіп, екі жақты, көп жақты ынтымақтастық туралы талқы өткізген болатын. Егер алдағы уақытта әлем экономикасы үшін жаңа қауіп қатарлы саналған сауда соғысында АҚШ пен Қытай келісімге жүгінсе, соғыс қаупінен әлем жұртшылығын алаңдатып отырған АҚШ-Иран қайшылығы реттеліп жатса, онда Осакадағы дүбірлі жиынның оң ықпалы деп санауға болады.

“The Qazaq Times”