АҚШ пен Ресей президенттері Жапонияның Осака қаласындағы «Үлкен жиырмалық» саммиті аясында екіжақты кездесу өткізді. Соңғы рет қос көшбасшы өткен жылдың шілдесінде Хельсинкиде бас қосқан. Дегенмен, келіссөз нәтижесіз аяқталып,  Уашингтон мен Мәскеу қарым-қатынасы нашарлай түсті.

Осакадағы келіссөз бір жарым сағатқа созылды. Америка тарабынан басқосуға АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео, Дональд Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі Джон Болтон, Ақ үйдің баспасөз хатшысы Стефани Гришэм және Иванка Трамп пен күйеуі Джаред Кушнер қатысты. Ал Ресейден Сыртқы істер министр Сергей Лавров, бірінші вице-премьер Антон Силуанов, президенттің көмекшісі Юрий Ушаков және баспасөз хатшысы Дмитрий Песков қатысты.

Хаттамалық түсірілім кезінде журналистер Трамптан Ресейдің АҚШ-тағы сайлауға қатысы бар деген қауесеттің рас-өтірігіне байланысты сауал жолдады. Артынша АҚШ президенті Путннге мысқылдай күліп: «Сайлауға араласпаңыз, өтінеміз», – деді. Бір қызығы, Трамп та, Путин де БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берудің орнына, жай ғана бас изеумен болды.

Кездесуден кейін ресми Ақ үй хабарлағандай, президенттер Иран, Сүрия, Венесуэла және Украинадағы жағдайды талқылап, «екі ел өз қарым-қатынасын жақсартуға мүдделі екендігін» айтқан. Bloomberg агенттігі: «Екі ел басшылары ХХІ ғасырдың жаңа қарулану кезеңі және Қытайдың бұған қатысы туралы сөз етті», – дейді.

Жапонияны4 Осака қаласындағы «Үлкен жиырмалық» саммиті. Фото: https://cdn.vdmsti

Үшінші келіссөз

Бұл Путин мен Трамптың үшінші келіссөзі. Бұған дейін олар бір жыл бұрын, 2018 жылы 16 шілдеде Хельсинкидегі саммитте кездесті. Алғашқы келіссөз Гамбургте 2017 жылдың 7 шілдесінде G20 саммиті аясында өткен.

2018 жылы қарашада Бірінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына жүз жыл толуына арналған іс-шара аясында француз көшбасшысы Эммануэль Макронның шақыртуымен Парижде президенттердің кездесуі ұйымдастырылған. Алайда, АҚШ-тың орташа және аз қашықтықтағы зымырандарды жою туралы шарттан шығуы сөз болғандықтан, президенттер кездесуі аяқсыз қалған. Кейіннен желтоқсанда Буэнос-Айрестегі G20 саммитінде келіссөздер жүргізуді жоспарланғанымен, Трамп Ресейдің Керш бұғазындағы украин теңізшілерін ұстауына байланысты кездесуден бас тартты.

Осакадағы кездесу қарсаңында Путин британдық «Financial Times» газетіне сұхбат берген болатын. «Трамптың мәселелерді шешудің көптеген тәсілдерімен келіспейтінін» мәлімдеген Путин 2016 жылғы сайлауда орын алған жайттарға кінәлілерді «мифтік тұлға жасап, Ресейден іздеудің қажеті жоқ. Өз іштерінен іздеуі тиіс», – деп қысқа қайырды. Ал АҚШ соңғы екі жылда Ресей хаккерлерінің президенттік сайлауға араласуына қатысты тергеу жұмыстарын тоқтатпайтынын айтқан.

"The Qazaq Times"