Ресей, Қытай және Иран елдері АҚШ-тағы қоғамдық пікірді өзгертуге және 2020 жылғы президент сайлауына араласуға әрекет етіп отыр. Мұндай ақпаратты америкалық басылымдар Трамп үкіметінің ресми өкілі жасаған мәлімдемеге сілтеме жасай отырып таратты.

Bloomberg News хабарында Қытай бұл мақсатта дәстүрлі БАҚ-ты белгілі бір саясатты насихаттауға ынталандырса, Ресей мен Иран әлеуметтік желілерді барынша пайдаланып жатқанын айтқан. Ал, америкалық барлау қызметінің лауазымдылары Washington Free Beacon-ге берген мәліметінде, 2020 жылғы сайлауда Құрама Штаттың жалпыұлттық сайлау жүйесінің шабуылға ұшырауына қарсы шараларды жасауды ұсынған. Әсіресе, кейбір елдердің әлеуметтік желілер арқылы сайлауға араласуына жол бермеуді қадағалау керектігін айтқан.

Бұған дейін америкалық барлау агенттіктері Ресейді 2016 жылғы президент сайлауы және 2018 жылғы аралық сайлауға араласты деп айыптап келген болатын. АҚШ-тың барлау агенттігіндегі лауазымдылардың айтуынша, Ресейдің ең негізгі жоспары – америкалықтарды ұқсамаған көзқарастар арқылы бір-біріне қарсы қою, Құрама Штатта пікір алауыздығын тудырып, саяси жүйені бұзу. Дегенмен, бұған дейін Ресейге баса мән беріп келген барлау қызметі, ендігі жерде Қытай мен Иранның әрекеттерінде қадағалауды барынша күшейтпек.

Қазірге, АҚШ-тың барлау ұйымдарында шетелдік күштердің АҚШ-тың сайлауға қатысты инфрақұрылымдарын бұзғаны туралы нақты мәліметі жоқ. Бірақ, шет күштердің АҚШ жүйесіне араласуын болдырмау үшін мемлекеттік қызметтерде пайдаланылатын жабдықтарға дейін жаңалап, кейбір жұмыс тәртіптеріне де өзгерістер енгізбек.

 

 “The Qazaq Times”