Маусым айы басталғалы бері Үндістанның солтүстік және шығыс аймақтарында ауа температурасы рекордтық деңгейде тұрды. Орталық қала Жаңа-Делиде 10 маусым күні тарихтағы ең жоғары температура тіркелді. Үндістан үкіметінің ресми мәліметіне қарағанда, ай басынан бері аптап ыстықтан 186 адам көз жұмған.
Үндістан ақпарат құралдарындағы хабарларға қарағанда, жоғары температура ел шығысындағы Бихар провинциясының тұрғындарына көбірек қиындықтар әкелуде. Солтүстік аймақтар, Жаңа-Делиге жақын провинцияларда ауа температурасы 50 С°-тан асып кеткен. Бір айдан астам уақыт жалғасқан аптап ыстық маусым айында тіпті күшейген. Температураның жоғарлауынан көршілес Бангладеш халқы да зардап шегуде.
Айта кетейік, БҰҰ-ның былтырғы мәліметінде Жер климатының өзгерісі қазіргі қарқынмен жалғаса берсе, оған қарсы шаралар тез арада жасалмаса, енді 50 жылдан кейін Үндістан мен Бангладештің басым көп өңірлерінде адам өмір сүруге мүмкін болмай қалады. Себебі, Үнді мұхитына тән ауа ағыстары теңіздің ылғал ауасын құрлыққа шығарып тұрады. Құрлықта жоғары температура мен теңіздің ылғал ауасы ылғал ыстықты қалыптастырып, адамдардың тыныс алуына үлкен кедергі келтіреді. 30 С° шамасындағы ылғал ыстық пен тура сондай шамадағы құрғақ ыстық адамдардың өмір сүруі үшін үлкен парықтарды тудырады.