Бұған дейін Солтүстік және Оңтүстік Кореяның бірқатар басылымдары, КХДР-ның Мемлекеттік кеңесі АҚШ-пен байланыстар жөніндегі арнайы өкілі Ким Хиох Чиол мен Сыртқы істер министрлігінің төрт лауазымды қызметкерінің өлім жазасына кесілгені туралы жазған болатын. Оларға Вьетнамда өткен КХДР мен АҚШ лидерлерінің екінші реткі саммитін ұйымдастыру ісіне байланысты айыптар тағылғаны айтылған.

Бұлардың қатарында, Солтүстік Кореяның арнайы қызметінің жетекшісі әрі Ким Жоң Унның (Ким Чен Ын) «оң қолы» ретінде белгілі генерал Ким Ен Чолдың еңбек лагеріне жіберілгені туралы жазылған.  Алайда, жексенбі күні Солтүстік Кореяның ресми басылымдарында Ким Ен Чолдың Ким Жоң Унмен бірге концертке барғаны туралы хабарлар тарады.

Аталған хабарды Солтүстік Кореяның «Чосон ильбо» атты ресми басылымы таратқан. Басылым өзіне ақпарат берген ресми мекеме немесе тұлғаларды атамайды. Сондай-ақ, өзге ешбір басылым бұндай хабарды таратпады. Бұған дейінгі хабарларда, өлім жазасына кесілген тұлғаларға АҚШ үшін тыңшылық жасады деген айыптар тағылғанын жазған еді.

Ким Ен Чол деген кім еді?

Ол Солтүстік Корея басшысы Ким Жоң Унмен бірге жұрт көзіне көбірек түседі. Ким Жоң Унның екі реткі Қытай сапары және Оңтүстік Корея президенті Мүн Жайнмен кездесулердің бәрін де Ким Ен Чолдің бірге жүргенін көруге болады. Зымыран сынақтары кезінде түсірілген фото суреттерде де Ким Жоң Унның оң жағынан табылады. Сондай-ақ, АҚШ мем. хатшысы Майк Помпео Солтүстік Кореяға сапарлай барғанда да көптеген мәселелерді генерал Ким Ен Чолмен сөйлескен болатын.

Оңтүстік Кореяның басылымдарында Ким Ен Чол туралы мәліметтер көбірек кездеседі. Мәліметтерге қарғанда ол бұрын арнайы қызметте істеген және КХДР лидерлері арасында «мықты стратег» деген де аты бар. Тіпті, АҚШ пен Солтүстік Корея арасындағы ядролық қаруларды жою туралы келісімдерде де генерал Кимнің рөлі айрықша екені де айтылып келген.

Кейбір мәліметтерге сенсек, генерал Ким 2010 жылғы Оңтүстік Кореяның әскери кемесіне шабуыл жасау, 2014 жылғы Sony Pictures компаниясына хакерлік шабуыл жасау істерін ұйымдастырған деген де ақпарлар бар.

Қатаң жазаларымен танымал лидер

Солтүстік Кореяның қазіргі лидері Ким Жоң Ун (Kim Jong Un/Ким Чен Ын) таққа отырысымен қатаң жазалары арқылы танымал бола бастады. 2013 жылы ол өзінің жездесін өлім жазасына кескені болатын. Сол тұста Солтүстік Кореяның ресми басылымдары, ең жоғары басшының жездесі Чан Сон Хэктің әскери трибунаның алдында өз қылмысын мойындағанын және өлім жазасының табанда атқарылғанын жазған еді.

КХДР ресми мәліметтерінде, Чан Сон Хэк «саясаттағы қара ниеті» үшін, яғни, өзін Ким Жоң Унмен тең санап, оның лидерлік орныны тартып алуға әрекет еткен деп айыпталғаны айтылады.

“The Qazaq Times”