Қазақстанның тұңғыш президенті Н.Назарбаев Ресей президенті В.Путинге «Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – Елбасы Назарбаев» орденін тақты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Марапаттан кейін Ресей президенті: «Сізге марапатыңыз үшін және интеграция ісінде, екі жақты қарым-қатынастарда, Ресей мен Қазақстанның өзара стратегиялық іс-қимылын дамытуда атқарылған жұмыстар үшін алғыс айтқым келеді. Бұл ретте сіздің зор еңбегіңіз бар», – деп алғыс жаудырды. Ал Назарбаев: «Бес жыл бұрын, Сіз және Александр Лукашенко үшеуміз осы одақты құрдық. Біз жүзеге асырған бұл идея менің тарапымнан 25 жыл бұрын ММУ қабырғасында ұсынылған болатын. Қиын уақыттарға қарамастан, арамыздағы өзара сауда өсіп келеді. Бірлескен кәсіпорындардың саны артуда. Еуразиялық экономикалық одақ ЕО, ШЫҰ, АСЕАН және басқа да ұйымдармен интеграция жолымен жүруі тиіс деп есептеймін. Бізге осы жөнінде жұмыс істеу керек», – деді.
Осыған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР мемлекеттік наградаларымен Ресей, Қырғызстан, Беларусь елдерінің президенттерін марапаттау туралы қаулыға қол қойған болатын. Қаулыда Владимир Путин, Александр Лукашенко және Сооронбай Жээнбековты Еуразиялық интеграция идеясының 25 жылдығы мен Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуына 5 жыл толуына орай «Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» орденімен марапаттау жөнінде айтылған.