Бүгін Үндістанда ел тарихындағы ең масштабты демократиялық сайлаудың қорытындысы жария болмақ. Алты аптаға созылған кезекті сайлауда 8 мыңнан астам үміткер, 670 саяси партия қатысып, 1 миллиардтан астам үндістандық дауыс берген. Елдегі партиялар Парламенттегі 543 орынға бар күшін салып таласты.

Ел конституциясына сәйкес, үкіметті құру үшін саяси партия Парламенттегі 272 орынды иелеуі керек. Бұған дейін елдің премьер-министрі болып келген Нарендра Моди басшылығындағы «Бхаратия Жаната» ұлттық партиясы 2014 жылғы жеңісін қайталау алдында тұр. Моди сол рет Үндістан халқына елді экономикасы мен армиясы қуатты әлемдік супер державаға айналдырамын деп уәде берген. Бұл реткі сайлауда елдің космостық бағдарламасы «бұрын болып көрмеген табысқа қол жеткізгенін», зымырандардың сәтті сынақтан өткенін алға тартты.

Оның сайлаудағы басты қарсыласы – Үндістан Ұлттық Конгресі партиясының жетекшісі Рахул Ганди болды. Ол Модиге «елдегі демократиялық институттарды жойып жатыр» деген айып таққан болатын.

Кезекті сайлаудағы партиялардың басты үгіт тақырыбы экономикалық проблемаларға бағытталған. Әсіресе, жұмыссыздықты қысқарту туралы уәде берген партиялар көп болды. Себебі, қуатты экономикасына қарамастан үндістандықтардың басым көпшілігі кедейшілікпен өмір сүруде.

Кезекті сайлауды өткізу үшін 7 млрд АҚШ доллары жұмсалған. Бұл АҚШ-тың 2016 жылғы президент және Конгресс сайлауына кеткен қаражаттан 500 млн доллар көбірек. Орталық сайлау комиссиясының өзінде 300 мүше болып, оларға қосымша 10 млн адам сайлау жұмыстарына тартылған.

Дауыс беру құқығы бар үндістандықтарды толық қамту үшін сайлау комиссиясының мүшелері тікұшақ, қайық, тіпті пілге мініп те алыс-алыс аймақтарға дейін аралаған.

“The Qazaq Times”