Жапонияның Сыртқы істер министрі Таро Кано Орталық Азия елдерінің дамуы мен Қазақстанның көпвекторлы саясатына қатысты пікір білдірді.
Тәжікстан астанасы Душанбе қаласында «Орталық Азия+Жапония» диалогына байланысты өткізілетін Сыртқы істер министрлерінің 7-кеңесі аясында Жапония тарапы посткеңестік елдермен жүргізілетін экономикалық байланысты талқыға салды. Таро Кано сөзінде: «Біріншіден, Орталық Азия елдеріне Жапония Сыртқы істер министрі ретінде алғаш рет қадам басқаныма қуаныштымын. Аталған шара аясында Қазақстан СІМ Бейбіт Атамқұловпен және өзге де министрлермен кездесу өткізіп, маңызды мәселелер туралы әңгіме өрбітеміз. Жаңа келісімдерді жүзеге асырамыз. Екіншіден, Семей мен Хиросима, Нагасакидің тәжірибесі бар қос мемлекет БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі сияқты халықаралық алаңдарда ядролық қарудан азат әлем құру бойынша тығыз әріптестік орнатты. 1 мамырда Жапонияның жаңа императоры таққа отырып, басқарудың жаңа дәуірі басталды. Менің бұл жолғы сапарым Жапония мен Орталық Азияның «ынтымақтастығы тарихында» жаңа тарау болмақ», – деп мәлімдеді.
Сонымен қатар, Таро Кано Жапонияның көне астанасы Нара қаласындағы қазына қоймасында VIII ғасырда Орталық Азиядан әкелінген жәдігерлер сақтаулы екендігін айтты. Мәліметтер бойынша, Соңғы 26 жыл ішінде Орталық Азиядан Жапонияға 10 мыңнан астам тәлімгер қабылданса, ауыл шаруашылығы мен көлік қатынасын, экономика мен денсаулық сақтау саласын, мемлекеттік басқару мен туризмді дамыту бағытында 3400 жапониялық сарапшы келген.
2004 жылы негізі қаланған «Орталық Азия+Жапония» диалогы инфрақұрылымдық және медицина салаларын дамытуға бағытталған. 2015 жылы Жапония премьер-министрі Синдзо Абэнің Орталық Азиядағы бес мемлекетке тарихи сапары басталды. 2016 жылдың қарашасында Нұрсұлтан Назарбаев Жапонияға ресми сапармен барған. Ал 2017 жылы тараптар дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жыл толуына орай кезекті форум өткізді. 2018 жылдың маусымында Астанада Жапония мен Қазақстанның экономикалық ынтымақтастығы жөніндегі үкіметтік және жеке сектордың бірлескен комиссиясының 7-отырысы өтті. Енді Жапония 2020 жылы Токиода өткізілетін Олимпиада және Паралимпиада ойындары қарсаңында қазақстандық спортшыларды Кашихара (Нара префектурасы), Курумэ (Фукуока префектурасы) және Юки (Ибараки префектурасы) қалаларында қабылдамақ.