Беларусь президенті Александр Лукашкенко Ресей мұнайының сапасыз екендігін айтып, Мәскеуден өтемақы талап етті.

Belta.BY хабарлауынша, Лукашенко жергілікті ақпарат құралдарына сұхбат беріп: «Ресейлік мұнай құбыр желісінен өте көп көлемде шығын келді. Мұнай құбырындағы жабдықтардың өзіне және мұнай өңдеу зауытына келген шығын орасан. Біз кірістің белгілі бір бөлігін ала алмадық, валюталық түсім, көп ақшадан айрылдық. Біздің елге келген залал көлемі жүздеген миллион доллар. Үлкен сома. Мәскеуден өтемақы талап етеміз және Ресей бұл шешмімен дауласпайды деген сенімдемін»,– деп мәлімдеді.

Ресми Минск тарапынан Ресей мен Қазақстаннан келетін мұнайды Беларусь арқылы Польша, Германия және Словакияға жеткізетін «Дружба» құбыр желісіне қатысты бірнеше шағым түскен. 12 сәуірде Беларусь вице-премьері Игорь Петришенко президент Александр Лукашенкоға Беларусь аумағы арқылы өтетін Ресейдің «Дружба» мұнай құбырына шектеу қоюды ұсынған болатын. Петришенконың сөзінше, мұнай құбыры осыдан жарты жыл бұрын жөндеу жұмыстарынан өтуі тиіс болған. Бірақ ол уақытта әріптестік жөніндегі келісімге сәйкес ол кейінге қалдырылған. Қазіргі таңда экологиялық мәселелерге байланысты құбырға шектеу қою қажет немесе мұнай тасымалын тоқтату керек.

Жақында Беларусь «Белнефтехим» концернінің өкілі Марина Костюченко ресейлік Urals экспорттық қоспасының сапасы сын көтермейтіндігін айтып, шағымданған болатын. Әсіресе, «Гомельтранснефть Дружба» магистральды мұнай құбыры учаскесіне транзитпен келіп түсетін мұнайдың нашарлауы Беларусь үкіметіне қаржылық қиындықтар туғызған. Мәліметтер бойынша, қоспаның құрамында ол мұнай өңдеу зауыттары жұмысының технологиялық режимін бұзатын хлорлы органикалық қосылыстар бар. Мұнай үлгілері «Гомельтранснефть Дружба» ААҚ зертханасымен Белоруссиядағы ресейлік компания өкілінің қатысуымен зерттелген. Осыған байланысты Белоруссия «Транснефть» АҚ өкілдеріне шағым түсіріп, Ресей мұнайын пайдаланып отырған өзге де мемлекеттерге ескерту жасаған.

Айта кетейік, Беларусь Ресейден мұнай өнімдерін сатып алып, экспорттап келген. Биыл Ресей өзіне қауіп болған экономикалық дағдарысты еңсеру үшін, мұнай бағасын өсіру туралы шешім шығарды. Яғни Мәскеу тарапы 2024 жылы Беларусь импорттайтын мұнайға баж салығын салатынын айтты. Осы мәлімдемеден кейін Минск пен Мәскеу қатынасына сызат түсе бастады.

"The Qazaq Times"