Лондондағы "Extinction Rebellion"  ("Жойылуға қарсы көтеріліс") қозғалысы ұйымдастырған наразылық акциялары бір аптаға созылды. Осы уақытта Лондон полициясы мыңнан астам белсендіні қамауға алды, деп жазады ВВС.

Дүйсенбі күні әкошерушілер Лондонның бес ауданында наразылық акциясын өткізді. Шеруге шыққан бір топ қаладағы Табиғат тарихи мұражайының бірнеше залын "басып" алды. Аталған музейдің бір залына жиналған жүзге жуық белсенді еденге жату арқылы жануарлардың кейбір түрлерін жаппай қырып-жою проблемасына қоғамның назарын аудартқысы келген.

Фото: ВВС

Ұлыбритания астанасының мэрі Садық Ханның айтуынша, ереуілдер бизнеске елеулі зарар келтіріп қана қоймай, қалалық полицияға да көптеген қиыншылық туғызған. "Күнделікті болып жатқан наразылық акциялары біздің қылмыспен күресімізге кері әсерін тигезе ме деп алаңдаймын" дейді ол өз сөзінде.

Ал, Лондон полициясының комиссары Кресси Диктің сөзіне сүйенсек, саясаткерлер қозғалыстың өкілдерімен келіссөз өткізбейінше, бұл наразылық акциялары тоқтамайды, керісінше одан ары үдей түспек.

ВВС ақпарат агенттігінің хабарлауынша, 15 сәуірден бергі наразылық кезінде шамамен тоғыз мыңға жуық полиция қызметкері тәртіпті қадағалауда. Осы уақыт ішінде 1065 адам тұтқындалған. Олардың 53-і әртүрлі құқық бұзушылықтары үшін айыпталып отыр.

Фото: espreso.tv

Айта кетейік, "Extinction Rebellion"  ("Жойылуға қарсы көтеріліс") қозғалысы  өткен жылы құрылды. Осы уақыт ішінде аталған топ әртүрлі іс-шаралар, атап айтсақ, көпірлерге тосқауыл қою, ВВС ғимаратының алдындағы пикет, британдық парламент мәжілісіндегі стриптиз сынды шаралар ұйымдастырған. Олардың негізгі талаптары - климаттың өзгеруі туралы шындықты жариялау, 2025 жылға қарай атмосфераға көмірқышқыл газ шығарындыларын азайтып,  экологиялық реформаларды қадағалайтын қоғамдық кеңес құру.

"The Qazaq Times"