Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстандағы сапарында президент Шавкат Мирзиеевпен жоғары деңгейдегі кеңейтілген кездесу өткізіп, бірқатар келісімдер жасасты. ҚР президентінің өзбек еліндегі сапары осы елдегі Қазақстан жылының ашылуына тұспа-тұс келген.
Кеңейтілген кездесуден кейін екі ел басшысы келіссөздер қортындысы бойынша бірлескен баспасөз мәлімдемесін өткізді. Екі ел президенті Қазақстан мен Өзбекстан қарым-қатынасын бұдан да биік деңгейге көтеруге күш салатынын айтты және көршілес елдер арасындағы тауар айналымын 2020 жылдың соңына қарай 5 млрд АҚШ долларына дейін жеткізуді мақсат ететіндерін жеткізді.
Президент Тоқаев пен Мирзиеев арасындағы кеңейтілген кездесу отырысында 9 ірі келісімге қол қойылған. ҚР президентінің Баспасөз қызметі мәлімдемесіне қарағанда, кезекті мемлекеттік сапарда қол қойылған келісімдер мыналар:
- Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің бірлескен мәлімдемесі.
- Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Еңбек қызметі және еңбекші көшіп-қонушылардың құқықтарын қорғау туралы келісім.
- Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Заңсыз көші-қонмен күрес бойынша ынтымақтастық туралы келісім.
- Табыс пен мүлiкке қосарланған салық салуды болдырмау туралы келісім аясында Қазақстан Республикасының мен Өзбекстан Республикасының уәкілетті органдары берген резиденттікті растайтын ресми құжаттарды тану тәртібі туралы ноталармен алмасу түріндегі келісім.
- Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі арасындағы 2019-2020 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасы.
- Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен Өзбекстан Республикасының Қорғаныс министрлігі арасындағы Әуе шабуылына қарсы қорғаныс саласындағы ынтымақтастық туралы келісім.
- Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен Өзбекстан Республикасының Қорғаныс министрлігі арасындағы Әскери ұшақтарды қабылдау, аэродром-техникалық қамтамасыз ету және әскери аэродромдарда әскери әуе кемелерін күзету туралы келісім.
- Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі мен Өзбекстан Республикасының Инвестициялар және сыртқы сауда министрлігі арасындағы «Орталық Азия» халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығын құру мәселелері жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум.
- Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Өзбекстан Республикасының Министрлер Кабинеті жанындағы Дін істері жөніндегі комитет арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум.