Кеше, 7 сәуір күні Пәкістан қорғаныс күштері мәлімдеме жасап, Үндістан Пәкістанға қарсы әскери ереуіл әрекеттеріне дайындалып жатқанын хабарлады. Пәкістан тарабы халықаралық қауымдастықты шұғыл түрде Үндістанның өңірдегі қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қатер төндіру әрекетін жоюға, дипломатиялық жолдармен араласуға шақырды.
Пәкістанның СІМ басшысы Куреши мәлімдемесінде: «Бізге жеткен мәліметтер бойынша Үндістан Пәкістанға қарсы әскери агрессияға дайындалу үстінде. Олар бұл әрекетті 16-20 сәуір аралығына жоспарлап отыр», – деген. Оның айтуынша, Пәкістан үкіметі бұл іске алаңдаушылық білдіреді және барлық мәліметті БҰҰ-ның Исламабадтағы өкілдерімен бөліскен.
«Біз халықаралық қауымдастықты бұл іске назар аударады, Үндістанның қауіпті әрекетіне жол бермейді деп үміттенеміз», – деді Пәкістан сыртқы істер министрі.
Ал, Үндістан Сыртқы істер министрлігі тарабынан жасалған мәлімдемеде: «Бұл ашықтан ашық арандатушылық Пәкістандағы террорлық топтарды Үндістанға қарулы шабуыл жасауға шақыру», – деп айыптаған. Сондай-ақ, Жаңа Дели Пәкістанды өз территориясындағы террорлық топтармен күресудің практикалық қадамдарына шақырды. Үндістан тарабы ескерту мәлімдемесінде: «Өңірдегі трансшекаралық терроризммен күресуде бұндай арандату сипатындағы мәлімдемелерді жібермейік», – делінген.
Естеріңізде болса, 26 ақпан күні үндістандық әуе күштері Пәкістан шекарасына еніп, Жаңа Дели тарабынан лаңкестік ұйымдардың тұрағы саналған нысандарға шабуыл жасаған. Әрі, Пәкістанды террорлық топтарды Үндістанға қарсы айдап салды деп айыптаған. Тараптар бір-біріне қарсы бірнеше мәрте қарулы операцияларға дейін барды. Содан бері Үндістан мен Пәкістан арасындағы тарихи қайшылық қайтадан өршіп кеткен еді.