Солтүстік Корея диалогтар қарсаңында өзінің аса маңызды Сохэ сынақ полигоннын жабуға уәде берген болатын. Алайда, америкалық аналитикалық орталықтар жасанды жер серігінен түсірілген суреттерді салыстыра отырып, аталған полигонда қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлап отыр.
Корей Халықтық Демократиялық Республикасының билігі 2018 жылы Оңтүстік-Солтүстік Корея басшыларының кездесуінде баллистикалық зымыран сынақтарын өткізетін полигонын толық жабуыға және халықаралық бақылаушыларды кіргізуге уәде еткен. Бұл уәдесі де аяқсыз қалып қойды.
Сохэ полигонның маңында жаңа ғимараттардың пайда болып жатқанын америкалықтар спутниктен түсірілген суреттер арқылы біліп отыр. Дегенмен бұл полигонда спутник ұшыру және зымыран қозғалтқыштарын сынау үшін пайдаланған. Ал, баллистикалық зымыран сынағы бұл жерде өткізілмеген.
АҚШ президенті мен КХДР басшысының Ханойдағы келіссөзі сәтті болмады. Солтүстік Кореяның ядролық қарусыздануын тақырып еткен сөйлесулер мерзімінен бұрын және нәтижесіз аяқталды. Солтүстік Корея тарабы өздеріне бағытталған барлық санкциялардың бірден алынып тасталуын талап етісімен-ақ, америкалық лидерлер келіссөз үстелінен сытылып шыға берсе керек.
Кеше, Трамптың қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Жон Болтон Солтүстік Кореяға жаңа санкция салынуы мүмкін екенін де айтып қалды. Бірақ, ол жаңа санкцияның тек қана дипломатиялық арналар толықтай тоқырауға ұшыраған кезде ғана іске қосылатынын ескертті. Демек, АҚШ пен Солтүстік Корея арасында сәтсіз де болса тағы бірқатар диалог раундтары жүруі мүмкін.