2018 жылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (бұдан әрі – БЖЗҚ, Қор) салымшыларының шоттарына 847,1 млрд теңге көлемінде зейнетақы жарналары түскен. Бұл 2017 жылдың сәйкес көрсеткішімен салыстырғанда 92,7 млрд теңгеге, яғни 12 пайызға жоғары.
БЖЗҚ ақпарат қызметінің мәліметі бойынша, салымшылар мен алушылардың шоттарына үлестірілген таза инвестициялық табыс 917,1 млрд теңгеге жеткен. Ол 2017 жылғы көрсеткішпен (550,5 млрд теңге) салыстырғанда 67 пайызға жоғары. Яғни, 2018 жылы 1 теңге жарнаға 1 теңге инвестициялық табыс есептелді. Бұл Қор құрылғаннан бергі рекордтық көрсеткіш.
Сондай-ақ, 2018 жылы БЖЗҚ зейнетақы активтерінің табыстылығы 11,27 пайыз болса, осы кезеңде инфляция деңгейі 5,3 пайызды көрсеткен. Яғни, бір жыл ішінде зейнетақы активтері бойынша нақты, таза табыстылық – 5,97 пайызды құрады. Салыстырып қарайтын болсақ, 2017 жылы зейнетақы активтерінің табыстылығы 7,92 пайыз, ал инфляция деңгейі 7,1 пайыз болған.
Жалпы зейнетақы активтерінің өсімі шамамен 21 пайыз болды. Айта кетелік, зейнетақы активтері жарналардан, төлемдерден және инвестициялық табыстан құралады.
Сонымен бірген, зейнетақы жинақтарының нақты табыстылығы 2019 жылдың алғашқы айларында да инфляция деңгейінен 6,1 пайыздық тармаққа жоғары болып отыр: соңғы 12 ай ішінде (2018 жылдың ақпаны мен 2019 жылдың қаңтары аралығында) зейнетақы активтерінің табыстылығы 11,3 пайыз болса, осы кезеңде инфляция деңгейі 5,2 пайызды көрсетті.