Ақпарат көздерінің мәлімдеуімен, Орталық Азия мемлекеті Тәжікстанда Қытайдың көптеген әскерлері орналасқаны туралы хабар тарағаннан кейін, Қытай Қорғаныс министрлігі ресми мәлімдеме жасап хабарды растады. Қытай Қорғаныс министрлігінің өкілі Қытай-Тәжікстан арасында әскери-қорғаныс ынтымақтастығын жүзеге асырғандарын мәлімдеді.
Қытай Қорғаныс министрлігінің өкілі Рын Гочян 28 ақпан күні өткізілген баспасөз жиынында: «Қытай-Тәжікстан арасындағы қорғаныс ынтымақтастығы халықаралық құқықтар мен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі қабылдаған қарарларға сай келе талаптарына сай келеді. Сондай-ақ, бұл қадам екі елдің қауіпсіздік күштеріне және аймақтың тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне пайдалы», – деп түсіндірді.
Бірақ, Қытай қорғаныс өкілі Ауғанстандағы Вахан дәлізінде Қытай қарулы күштерінің орналасқаны туралы мәліметті және бұған дейін Қытайдың Ауғанстанға әскер кіргізу жоспары туралы барлық ақпараттарды жоққа шығарды.
Алайда, америкалық ақпарат агенттіктері Қытайдың Ауғанстан жеріндегі әскери операциялардан бас тартқанымен, аталған орында Қытай тарабы әскери техникаларды орналастырғанын айтады.
Вахан дәлізі – Ауған дәлізі деп те аталады, Ауғанстанның Қытаймен шекараласатын тар территориялық аумағы. Бұл және Тәжікстан мен Пәкістанды бөліл тұрған дәліз. Ал, Қытайдың Қашқар, Хотан аймақтарына тұспа-тұс келеді. Көне жібек жолының бір тармағы да осында.
Мәліметтерге қарағанда, Қытай Тәжікстандағы әскери гарнизонын құпия ұстағысы келеді. Алайда, «Уашингтон пост» басылымының жария еткен хабарында, Қытай Тәжікстанда өз шекарасынан 30 шақырым, Вахан дәлізінен 12 шақырым қашықтықта көлемді әскери базаға ие болған.
Қазір сыртқы әлем Қытайдың бұл әскери күштерінің мақсаты туралы анық ештеңе білмей отыр. Қытай қорғаныс өкілі де бұл туралы жақ ашпады.