Бангладеш астанасы Даккада алапат өрт болып, салдарынан 70 адам қаза тапты. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

Өрт қаланың ескі кварталы саналатын Чаукбазардағы төрт қабатты тұрғын үйде орын алған. Мәліметтер бойынша, тұрғын үйдің бірінші қабатында химикаттар қоймасы орналасқан. 2010 жылы болған өрттен кейін жергілікті биліктің аймақта химикаттарды сақтауға тыйым салғанына қарамастан, парфюмерлік зауыттар жұмыс істеген.

Чаукбазар – Дакканың ескі аймағында орналасқан аудандардың бірі. Ол 300 жыл бұрын Моғол империясы кезінде пайда болған. Елдімекен көшелері тар және тұрғын үйлер өндіріс қажеттілігі үшін пайдаланылатын болғандықтан, мұнда жиі апаттар орын алады. 2013 жылы Дакккадағы тоқыма фабрикасы ғимаратының құлауы салдарынан 1100-ден астам адам қаза тауып, бірнеше мың адам зардап шеккен болатын. Белгілі болғандай, Бангладеште көптеген ғимараттардың өрт қауіпсіздігі әлі күнге дейін сақталмаған.

"The Qazaq Times"