Жақында АҚШ-тың ғылыми-зерттеу институты 2049 жобасы бойынша жасаған баяндамасында, АҚШ-тың Тайуанмен (Тайвань) еркін сауда қатынасын құлшыныс жасауы керек деп тапты. Зерттеу нәтижесіне қарағанда, АҚШ-Тайуан арасында еркін сауда келісімі жасалатын болса, бұл негізгі стратегиялық мүдделерге ие болып, қос тарапқа бірдей пайдасын әкелмек.
«Тайуанмен еркін сауда қатынасын орнатудың алтын орайы» атты бұл баяндамада айтылуынша, АҚШ-Тайуан еркін сауда қатынасы Құрама Штаттың стратегиялық мүдделерін алға ілгерілетіп қана қоймай, Тайуанның Қытай Халық Республикасындағы мәртебесін де көтереді.
Баяндамада: «АҚШ инновациялық экономикаларды басқаратын болашақ заңдарға, ережелерге және саясаттарға арналған үлгілерді құру үшін Азиядағы жоғары технологиялық экономика саналатын Тайуанмен келісімге қол жеткізу қажет», – деген тұжырым жасаған.
Баяндамада бұл келісімнің тараптарға әкелетін пайдасы туралы мынадай уәж айтады: «Екі елдің қорғаныс өнеркәсібі, энергетика және болашақ стратегиялық технологиялар саласындағы тығыз ынтымақтастығы еркін сауда келіссөздеріне үлкен ынталандыруды қамтамасыз етеді және Трамп әкімшілігінің Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы стратегиясын дамытуға көмектеседі». Сондай-ақ, ынтымақтастық екі елге ортақ қатерлерге төтеп беріп, аймақтағы тәртіпті сақтауға ықпал етеді.
Дегенмен, баяндамада аталған келісімге келу барысында екі тарап ортасында ауылшаруашылық және зияткерлік меншік құқығы мәселесінде проблемалардың пайда болатынын да жоққа шығармайды.
Әрине, АҚШ пен Тайуан еркін сауда келісіміне қаншалықты мүдделі болған күнде де, бұл мәселеде Бейжің тарабының қарсылығын да ескерусіз қалдыра алмайды. Ресми Бейжің Тайуанды дербес ел ретінде өзге мемлекеттермен екіжақты келісім жасасуына жол бергісі келмейді. Бұл бастама АҚШ жағынан көтерілген күнде де соңғы барып АҚШ-Қытай қайшылығының күшейе түсуіне апарып соғуы да мүмкін.