Жапония билігі Венесуэла оппозиционері Хуан Гуайдоға қолдау білдіріп, елдің легитимді басшысы ретінде таныды. Жапония СІМ Таро Коно NHK арнасында осындай мәлімдеме жасады.

Токиода өткен баспасөз конференциясында Таро Коно Венесуэла халқы диктаторлық саясаттан зардап шегіп отырғанын және алдағы уақытта оппозиция өкілдері билік етуі тиіс екендігін айтып өтті. Таро Коно: «Жапония бір ауыздан  Гуайдо билігіне қолдау білдіреді. Өкінішке орай, Венесуэлада әлі күнге дейін президенттік сайлау болған жоқ. Бірақ, қай мемлекетте болмасын, әділ басшы билік етіп, демократия орнауы тиіс».

23 қаңтарда өзін уақытша үкімет президенті деп жариялаған Гуайдоны легитимді мемлекет басшысы ретінде АҚШ, Канада, Бразилия, Чили, Аргентина, Колумбия, Коста-Рика, Гватемала, Гондурас, Панама, Парагвай және Перу елдері мойындады. Осыған дейін АҚШ «диктатор басқарушы» атанған Николас Мадуроға қарсы санкциялар жариялап, мемлекет басшысы авторитарлық диктатураға ұмтылудан бас тартпайынша, Американың экономикалық және дипломатиялық күштерін түгел Венесуэла халқының демократия орнату жолындағы күресіне көмекке арнайтынын хабарлаған болатын. Дональд Трамптың қажет болған жағдайда Венесуэлаға әскери интервенция жасайтыны туралы мәлімдемесінің салдарын жоюға ниеттенген Майк Пенс Латын Америкасы елдеріне сапары барысында Каракасқа экономикалық қысым арқылы да әсер етуге болатынын айтқан. Ал Қытай мен Ресей тарапы қазіргі басшы Николас Мадуро үкіметіне сенім білдіріп, билікке өзге мемлекеттердің араласуын «халықаралық құқықбұзушылық» деп атады.

"The Qazaq Times"