Украина президенті Петр Порошенко АҚШ пен Ресей байланысына қатысты пікір білдірді.

«Прямой» телеарнасына сұхбат берген Порошенко Азовтағы жағдайдан кейін АҚШ-тың Ресейге көзқарасының бұрынғыдан әлсіреп кеткенін және сол себепті екі ел ұйымдастырған кездесуге американдық өкілдің қатыспағандығын айтты. Сонымен қатар, Украина президенті Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізген Еуропалық Одақ саясатын жоғары бағалады.

Петр Порошенко: «Мюнхендегі жиында АҚШ вице-президенті Майк Пенс Ресей Керш бұғазында украиндық теңізшілерді қамауға алғандықтан, біздің тарап ресейліктер ұйымдастырған кездесуге қатысудан бас тартты деді. Демек, алдағы уақытта екі ел басшыларының кездесуі екіталай», – деді.

Осыған дейін АҚШ Ресейдің «агрессиялық саясатына» қарсы жаңа резолюция қабылдаған болатын. Киев пен Мәскеу текетіресіне қактысты қабылданған АҚШ Сенатының резолюциясы халықаралық деңгейде танылған шекаралар бойынша екі жақты келісімдерге қолдау көрсетуге және Керш бұғазы мен Азов теңізі арқылы кемелердің қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуге бағытталған. Сенаторлар мұндай қадам «Ресейдің шамадан тыс аумақтық қақтығыстарына тойтарыс береді» деп санайды. Бұған қатысты Сенат комитетінің төрағасы Рон Джонсон: «АҚШ пен біздің одақтастарымыз Керш бұғазындағы Ресейдің әскери агрессиясына тез арада батыл қадам жасау арқылы жауап береді. Халықаралық теңіз операциясын жүргізу Қара теңізден Азовқа дейін қауіпсіздікті қамтамасыз етуі тиіс», – деді.

25 қарашада Ресей Керш бұғазында Украина әскери-теңіз күштерінің үш кемесін басып алып, оқ атқан. Украина президенті Петр Порошенко Ресейдің бұл әрекетін «басқыншылық» деп атап, олардан Азов теңізінде ұсталған Украина әскери кемелері мен теңізшілерін дереу босатуды талап етті. Ал Мәскеу кемелер Қырымға жақын теңізде Ресей шекарасын бұзды деп айыптады.

"The Qazaq Times"