Бір күн бұрын Сүрияның оппозициялық күштеріне қарасты армия АҚШ-тың қолдауында «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымның соңғы тұрағына шабуыл жасады. «Ислам мемлекеті» террорлық тобының соңғы күштері Сүрияның оңтүстік шығысындағы Ирак шекарасы маңына жасырынған.
«Сүрия Демократиялық күштерінің» мәліметіне қарағанда «Ислам мемлекеті» террорлық тобының соғысқа ең тәжрибелі жиһадшылары күшті қарсылық көрсеткен. Сондай-ақ, қарулы операция басталудан бұрын аймақтан 20 мыңға жуық бейбіт тұрғындар эвакуацияланған.
Естеріңізде болса, 2014 жылы Ирактың Мосул қаласында өздерін «Ислам мемлекеті» атаған террорлық топ халифат құрғанын жариялаған. 2016-2017 жылдары аталған қарулы топ Ирак пен Сүрияның көптеген жерін басып алған болатын. Олар өз бақылауына алған аймақта 7 млн 700 мыңнан астам тұрғын бар болатын.
Құрама Штаттар бастаған халықаралық коалиция және өзге де бірқатар елдердің әскери күштерінің ДАИШ-ке қарсы күресінен кейін «Ислам мемлекеті» террорлық тобы Сүрияның Иракпен шекаралас Дейр-әз-Зор аймағындағы шағын ғана аумақты иелеп қалды. Соңғы бірнеше айдан бері «Сүрия Демократиялық күштері» АҚШ-тың әуе күштерінің қолдауында оңтүстік шығыс аймақтардағы «ИМ» күштерінің территорияларын біртіндеп қайтарып алды.
«ИМ» күштері бақылауына алған қалаларды босатуда «Сүрияның Демократиялық күштері» көп қиыншылықтарға тап болғаны белгілі. Қала мен ауылдарды үлкен күш жұмсау арқылы босатты. Қазіргі кезде террорлық топ өте аз ғана аумақты иелеп тұр. Бірақ, АҚШ президенті осы аптада Сүриядағы «ИМ» күштерін толығымен жоятынын мәлімдеген болатын. Әрине, АҚШ президентінің бұл мәлімдемесі Сүриядан АҚШ әскерлерінің кетуіне лайықты себеп болып та қалмақ.
Бұдан бір жылдан астам уақыт бұрын Ирак армиясы Мосулды азат етіп, «Ислам мемлекеті» күштеріне қарсы соғысты жеңіспен аяқтағанын мәлімдеген. Енді Сүрия жерінен де террорлық ұйымның территориясы тазартылмақ. Алайда, көптеген сарапшылар бұл екі елдегі терроризмге қарсы күрестің аяқталғанынан дерек бермейді деп қарайды. Себебі, аталған террорлық ұйымның мүшелері жасырын әркет етуде. Ирак пен Сүрия жерінде әлі де бейбіт тұрғын арасына жасырынған жиһадшы күштер бар.
Сондай-ақ, БҰҰ мәліметіне қарағанда, Ирак пен Сүрия жерінде «ИМ» террорлық тобының 14-18 мың шамасындағы жиһадшы күштері бар. Олардың 3 мыңнан астамы шетелдерден келген. Оның сыртында Ауғанстан, Ливия, Мысыр, Оңтүстік Шығыс Азия және Батыс Африка елдерінде «Ислам мемлекеті» террорлық тобының жақтастары әрекет етуде.