Ұлыбритания Сыртқы істер министрінің орынбасары Марк Филд қауымдар палатасында Ресей орташа және аз қашықтықтағы зымырандарды жою туралы шарттың бұзылуына басты себепкер деп айыптады.
Times мәліметінше, Британия үкіметі АҚШ-тың Халықаралық келісімшарттан шығуына қолдау білдіріп отыр. Марк Филд Ресейді шарт талаптарына қайшы келетін ракеталардың әзірленуіне байланысты кездесу өткізген кезде біраз айғақтан жалтарып, өзге мемлекеттерді АҚШ-қа қарсы қоюға тырысты дейді. Филдтің ойынша, аталған шарт өз уақытында «әлемдегі стратегиялық тұрақтылыққа елеулі үлес қосты», бірақ екі тарап та шарттарды орындаған кезде жоғары көрсеткіш болатын еді.
Ұлыбританияның Ресеймен қарым-қатынастағы сенім деңгейі қазір өте төмен, бірақ екі ел әлі де қалыптасқан жағдайды талқыламақ. Британия тарапы Ресей президентін «NOVATOR 9M729» қанатты зымырандарын жоюды талап етті. Себебі, АҚШ-тың шарттан уақытша шығуына басты себеп те осы. Ал Британия Сыртқы істер министрі, лейборист Фабиан Гамильтон Ресей тарапы «қауіпті қару-жарақтарды жою үшін зымыран келісімінің орнын басатын жаңа шарт жасауға міндетті», егер бұл шарт жүзеге аспаса НАТО мүшелері мен ЕО елдері АҚШ қабылдаған шешімдерді бірауыздан қолдайтынын айтты.
Негізінен АҚШ пен Кеңестер одағы 1987 жылы зымыран келісіміне қол қойған болатын. Келісім бойынша, қос тарап 300-ден 3400 миль қашықтаққа дейін жерден ұшырылатын баллистикалық зымырандарды шығармауға уағдаласқан. Келісімге сол кездегі АҚШ президенті Рональд Рейган мен Кеңес Одағының басшысы Михаил Горбачев қол қойған. Келісім бойынша, қос тарапқа 500 және 5,5 мың шақырым қашықтыққа ұшатын баллистикалық зымырандарды жасауға тыйым салынған. Былтыр қазанда АҚШ президенті Дональд Трамп Ресеймен арадағы зымыран келісімінен шығатынын айтқан болатын. Трамптың сөзінше, ресми Мәскеу АҚШ-пен арадағы зымыран келісімінің шарттырын орындап отырған жоқ.