АҚШ Әділет министрлігі Қытайдың Huawei Technologies телекоммуникациялық компаниясы мен оның қаржы директоры Мың Ванжоуға бірнеше қылмыстық іс бойынша айып тақты.

Олар, атап айтқанда, банк шоттарына қатысты алаяқтық, сот төрелігіне кедергі келтіру ісі және америкалық T-Mobile компаниясының технологияларын ұрлағаны үшін айыпталып отыр.

1 желтоқсанда Huawei компаниясы басшысының қызы және қаржы директоры Мың Ванжоу Уашингтонның сұрауы бойынша Канада мемлекетінде тұтқындалған болатын. бұл жағдай Канада мен Қытай қарым-қатынасына сызат түсірді. Ресми Уашингтон аталған айыптауларда Huawei компаниясы АҚШ билігінің Иранмен байланысына қатысты екі еншілес компаниялармен, «Huawei Device USA» және «Skycom Tech» қарым-қатынастарына қатысты жалған ақпарат таратып келгенін айтты. Бұдан өзге айыптауға сәйкес, қытайлық компания америкалық T-Mobile технологиясын ұрлаған.

АҚШ сауда министрі Уилбур Росс Huawei-ге қатысты айыптау АҚШ пен Қытай арасындағы сауда қатынасына ешқандай қатысы жоқ деп мәлімдеді. Енді Уашингтонға көп ұзамай екі ел арасындағы сауда соғысын тоқтату туралы келіссөздер жүргізу үшін Қытайдан жоғары лауазымды делегация келмек.

Айта кетейік, Huawei – Қытайда «ұлттық чемпион» деген атаққа ие болған компания. Оның мақсаты – техникалық салада көшбасшы болу. Алайда, соңғы жылдары қытайлық компанияға алаяқтық баптарына сәйкес бірнеше айыптар тағылып, әлемдік аренадағы беделіне нұқсан келді. АҚШ-тың Қаржы министрлігі ұсынған айыптаулар ең маңызды, әрі күрделісі және бұл іс екі ел арасындағы сауда соғысын тұтандырушы болып саналады.

"The Qazaq Times"