Парагвай Венесуэламен дипломатиялық қарым-қатынасты үзеді.
Бұл туралы Парагвай президенті Марио Абдо Бенитес хабарлады. Енді Каракастағы дипломатиялық миссияны орындап жүрген қызметкерлер кері қайтарылады. Марио Абдо: «Боливариан Республикасының президенті қызметін Николас Мадуро иеленгендіктен, дипломатиялық байланыс тоқтайды. Елдегі елшілік те жабылады. Билік басшысы мен ұстанған саясаты ауыспайынша, біз де шешімімізд өзгертпейміз», – деді. Сондай-ақ Парагвай басшысы бұл қадамның конституциялық өкілдік пен ұлттық егемендікті орындау мақсатында жасалып отырғанын айтты.
Осыған дейін АҚШ «диктатор басқарушы» атанған Николас Мадуроға қарсы санкциялар жариялап, мемлекет басшысы авторитарлық диктатураға ұмтылудан бас тартпайынша, Американың экономикалық және дипломатиялық күштерін түгел Венесуэла халқының демократия орнату жолындағы күресіне көмекке арнайтынын хабарлаған болатын. Дональд Трамптың қажет болған жағдайда Венесуэлаға әскери интервенция жасайтыны туралы мәлімдемесінің салдарын жоюға ниеттенген Майк Пенс Латын Америкасы елдеріне сапары барысында Каракасқа экономикалық қысым арқылы да әсер етуге болатынын айтқан. Николас Мадуро саясатын қатаң сынға алған Венесуэланың Бас Прокуроры Луиза Ортего: «Менің қолымда Николас Мадуро мен оның сыбайластарын түгел әшкерелейтін дәйектер бар. Онда мемлекет басшысының Бразилиядағы Odebrecht құрылыс компаниясындағы жемқорлық дауына қатысы бар екенін растайтын айғақтар бар», – деп мәлімдеді. Ал Венесуэла басшысының өзі Парагваймен арадағы байланыс пен «диктаторлық режимге» қатысты жақ ашқан жоқ.