Канада мен Қытай байланысына сызат түсті. Жақында Қытай соты есірткі тасымалымен айналысты деген канадалық азаматты өлім жазасына кесті. Ал Канада тарапы бұл шешімді халықаралық деңгейде адам құқығын таптау деп айып тақты.

Сот шешімі мәлім болғаннан кейін, Канада премьер-министрі Жастин Трюдо Бейжіңді «адам құқығын бұзуға бағытталған әділетсіз шешім шығарды» деп атады. Қамауға алынған азаматтың отбасы Қытайдан нақты дәлелдерді талап етіп отыр.

Осыған дейін қытайлық «Huawei» компаниясы басшысының қызы және қаржы директоры Мың Ванжоу Уашингтонның сұрауы бойынша Канада мемлекетінде тұтқындалған болатын. Сарапшылардың айтуынша, Канада мен Қытай арасындағы дипломатиялық байланыс осы жағдайдан бастап ушығып кеткен. Енді Қытай соты канадалық Роберт Шелленбергке қатаң жаза қолдану арқылы Канададан өшін алмақ.

Айта кетейік, 20 қарашада Далян жеріндегі сот Канада азаматын 15 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарған. Бірақ, араға екі ай салып жазаны өзгертті. Ал Шелленбергтің өзі Қытайға тек турист ретінде барғандығын және өзіне тағылған айыптың әділетсіз шешім екендігін айтты.

Халықаралық Amnesty International құқық қорғау ұйымының зерттеуіне сай, Қытай жыл сайын мыңдаған адамды өлім жазасына кеседі. Соңғы рет 2014 жылы жапониялық турист есірткі тасымалдады деген айыппен өлім жазасына кесілген. Аталған ұйымның баспасөз бөлімінің меңгерушісі Уильям Ни: «Қытай осы әрекеті арқылы Канадаға қауіпті сигнал жіберіп отырған сыңайлы. Себебі, айып тағылған азаматтың өзі бұл әрекетті түбегейлі жоққа шығарып отыр. Мұндай жағдай сот бойынша әділ шешімді талап етеді», – дейді.

"The Qazaq Times"