АҚШ мемлекеттік хатшысы Катардағы сапарында соңғы кездері көп айтылмай кеткен журналист Хашогги ісі туралы жаңа мәлімдеме жасады. Помпео жексенбі күні Катар сыртқы істер министрі әл-Танимен кездескен кезде, Құрама Штат Сауд Арабиясының тақ мұрагер ханзадасы Мұхаммед бин-Салманнан журналис Хашоггидің өліміне қатысты күдіктілердің жазалануына кепілдік беруді талап етіп отырғанын айтты.
Майк Помпео сөзінде: «Біз журналист Хашоггидің ісіне қатысты күдіктілердің жазаға тартылуы мәселесі бойынша мұрагер ханзада бин-Салманмен сөйлесуді жалғастыратын боламыз. Бұл қастандықты қабылдай алмаймыз, Хашогги ісі сұрақсыз қалмайды», – деді.
Естеріңізде болса, былтыр қазан айында Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бин-Салманды көбірек сынға алған журналист Хашогги Сауд Арабиясының Стамбулдағы консулдығында қастандыққа ұшыраған болатын. Түркия билігі ең алдымен Хашогги ісіне байланысты Сауд билігін айыптап, тергеу талап етті. Түркия тарабының мәліметтерінен және АҚШ-тың Орталық Барлау Агенттігінің (CIA) тергеу қорытындысы бойынша мұрагер ханзаданың аталған қастандық ісіне қатысы бар деген болжам айтылған. Алайда, бұл айыптаулар ханзада Мұхаммед бин-Салман жағынан терістеліп келген.
АҚШ мемлекеттік хатшысы аталған мәлімдемесінен кейін Сауд Арабиясының орталық қаласына ұшқан болатын. Таяу Шығыстағы бір апталық сапарында Помпео Иордания, Ирак, Мысыр, Бахрейн, Катар, Біріккен Араб Әмірліктері және Сауд Арабиясы қатарлы елдерге сапарлай барды.
Сауд Арабиясындағы сапарында Помпео тақ мұрагер ханзада және сол елдің СІМ басшысы мен АҚШ-тағы өкілетті елшілерімен кездесу өткізеді. Сауд билігімен Хашогги өліміне байланысты тергеуді жеделдету мәселесі бойынша сөйлеспек.
Катардан аттанарда Помпео Парсы шығанағындағы елдерді Доха билігімен келіспеушілікті жойып, қарым-қатынасты қалпына келтіруге шақырды.