АҚШ билігі «Солтүстік ағыс – 2» жобасы тоқтатылмаса, құбыр төсеумен айналысатын екі еуропалық компанияларға санкциялар енгізуі мүмкін. Бұл туралы Германия Үкіметіндегі дереккөздерге сілтеме жасаған «Handelsblatt» неміс басылымы хабарлады.
Санкциялардың жоспары АҚШ-тың мемлекеттік департаментінде әзірленіп жатыр. Аталған құбыр жобасын Берлиндегі америкалық елші Ричард Гренель қатаң сынға алды. Ол жергілікті басылымдарға сұхбат беріп, «Ресейлік жоба аясында құбыр құрылысына қатысатын компаниялар жұмысын тоқтатпаса, екі тарап та қатаң қаулыға ілігеді. Америка ешкімнің жапа шеккенін қаламайды. Егер «Солтүстік ағыс – 2» жалғасатын болса, Украинаның экономикалық жағдайына соққы болуы мүмкін», – деді.
Мәліметтер бойынша, американдық санкциялар газ құбырларын төсеумен айналысатын жоғары мамандандырылған құрылыс компанияларына, олардың қатарында швейцариялық Аllseas компаниясына және Saipem итальяндық компаниясына бағытталған.
1 желтоқсанда Германия канцлері Ангела Меркель Ресей президенті Владимир Путинмен кездесіп, украин теңізшілерін тұтқыннан босату туралы талап қойды. Сонымен қатар, Германиядағы Христиан Демократиялық партиясы (ХДП) көшбасшылығына кандидат Фридрих Мерц Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстан кейін «Солтүстік ағыс – 2» құрылысын қайта қарау керек дейді.
Бірақ, Германия СІМ бұрынғы басшысы Хайко Маас «Солтүстік ағыс – 2» жобасынан шығуға болмайтынын айтты. Себебі, құбыр кез келген жағдайда салынады, егер Германия жобадан шықса, Украина арқылы баламалы бағытта газ жеткізуді жалғастыру мүмкіндігінен айырылуы мүмкін.
Ресейлік «Газпром» «Солтүстік ағыс-2» консорциумын басқарады. 11 млрд доллар болатын құрылыс келесі жылы аяқталуы керек. Құбыр жұмыстары Ресей газының Германияға Украина аумағын айналып өту көлемін екі есе арттыру мақсатында қолға алынған. Ресей «Солтүстік ағыс – 2» жобасымен Балтық теңізі жағалауынан Германияға дейін жылына 55 миллиард текше метр болатын екі газ желісін салуды көздейді. Құбыр құрылысын жүргізуге Германия, Финляндия және Швеция рұқсат берген. Бірақ, Латвия, Польша және Литва тарапы жобаның саяси бағыты туралы айтқаннан кейін, Германия құбыр жобасын тоқтату туралы ұсыныс білдірген.