Бұған дейін АҚШ қорғаныс министрінің орынбасарлық қызметін өтке келген Патрик Шанахан 2019 жылдың алғашқы күнінен бастап Пентагонның басшысы ретінде қызмет атқара бастайды. Естеріңізде болса, Пентагон басшысы Жеймс Мэттис өткен жұма күні президент Трамппен көзқарасы сәйкес келмегенін айтып, қызметтен бас тартатынын мәлімдеген болатын.
Жаңа қорғаныс министрі туралы АҚШ президенті өзінің «Твиттер» парақшасы арқылы мәлімдеді. Трамп: «Біздің қорғаныс министрінің талантты орынбасары Патрик Шанахан 1 қаңтардан бастап қорғаныс министрі қызметін атқара бастайтынын қуана отырып мәлімдеймін. Патирк министрдің орынбасары болып істеп тұрған кезінде табысты қызметімен көзге түскен болатын», – деді «Твиттердегі» мәлімдемесінде.
Осыған дейін Пентагонды басқарып келген Жеймс Мэттис өткен аптада көзқарастағы қайшылық үшін президент Трамптан өз отставкасын талап етіп хат жолдаған еді. Бұдан бұрын президент Трамп Сүриядан АҚШ әскерлерін шығарып әкету туралы шешім шығарған болатын.
АҚШ және өзге де әлем елдерінің ақпарат құралдары Мэттистің қызметтен кетуін Трамп үкіметінің Ауғанстан мен Сүриядағы әскер шегіндіру шешімдеріне тікелей қатысты деген пікірлер айтылады. Себебі, Жеймс Мэттс хатында: «Менің ұстанған негізгі сенімдерімнің бірі – ел ретінде біздің күш-қуатымыз уникалды және барлығын қамтыған ынтымақтастық пен одақтастарымызда. Біз қуатты альянстарды қолдамай тұрып, одақтастарымызды сыйламай тұрып өзіміздің мүддені қорғай алмаймыз. Айталық, Қытай мен Ресей өздерінің авторитарлық моделіне сай келген әлемді құрғысы келеді... Осы және өзге де көптеген мәселелерде көзқарастарыңыз сәйкес келген қорғаныс министрін тағайындауға сіздің құқығыңыз бар. Сондықтан, мен қызметтен кету туралы шешім қабылдадым», – деп жазған Жеймс өз хатында.
Алайда, Мэттистің отставкаға кетуі Уашингтон билігі өкілдері арасында күшті дүмпу тудырды. АҚШ билігіндегі республикашылдар да демократтар да генерал Мэттистің іскерлігін жоғары бағалайды. Тіпті, кейбір лауазымдылар Мэттистің қызметтен кетуі АҚШ қорғанысы үшін орынсыз шығын деп қарайды.