Бүгін, 16 желтоқсан Тәуелсіздік күніне орай, Алматыдағы Республика алаңында Тәуелсіздік монументіне салтанатты гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.

Шараға Алматы қаласы әкімдігі, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушылар, ауған соғысының ардагерлері, жастар ұйымдарының өкілдері және қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек бастап Тәуелсіздік монументіне гүл шоқтарын қойды. Салтанатты шараны әскери оркестр музыкамен сүйемелдеді. Дегенмен, жылдағыдай билік, қалалық әкімдік өкілдері тәуелсіздікпен құттықтау сөзін сөйлемеді.  Алаңды қоршаған қауіпсіздікті қорғау қызметкерлері де аз болған жоқ.

Салтанатты шара курсанттардың парадымен тәмамдалды. Салтанатты шарадан кейін Желтоқсаншылар, қала тұрғындары Желтоқсан оқиғасының құрбандарын еске алып, құран бағыштады. Ел мен жердің амандығын, тәуелсіздіктің баянын сұраған дұға-тілекке қол жайды.

16 Желтоқсан қазақ елі үшін ең қастерлі күндердің бірі. 1986 жылы дәл осы күні қазақ рухы жаңғырып, қызыл империяның темір тегеурініне қарсы өз наразылығын білдіріп, мыңдаған қазақ жастары Желтоқсан алаңына жиналған еді. 1991 жылы Қазақ елі тәуелсіз, азат ел болып жарияланған болатын.

Бүгін сондай-ақ, Жаңаөзен оқиғасын да еске алу күні. Тәуелсіз қазақ елінің тарихында алғаш рет билік өз халқына оқ атып, салдарынан 16 адам қаза тауып, 100-ге жуық адам зардап шеккен болатын.

 

“The Qazaq Times” порталы, тәуелсіз қазақ елін, барша қазақты тәуелсіздік таңы атқан ең қастерлі мерекесімен тағы бір мәрте құттықтаймыз! Тәуелсіздік, теңдік, еркіндік үшін шәһит кешкен боздақтарымыздың рухына ізет-құрмет білдіреміз!

“The Qazaq Times”