Бүгінде біз қазақ қоғамы айналамыздағы қауіптер туралы көбірек ойланамыз. Дегенмен, өзіміздің төңірекке жасайтын ықпалымызды шамалай білмейтіндейміз. Соған сай, жас зерттеуші Елдос Орданың әлеуметтік желідегі парақшасына жариялаған мына бір жазбасын сайт оқырмандарына ұсынуды жөн көрдік. 

"Бұл құжаттық материал "Шетелдегі бөлшектеуші күштердің Шығыс Түркістан және Ұлы Қазақ мемлекетін құру жолындағы атқарған қызметтері" деген атпен дайындалған екен. Шамасы 90- жылдары жарық көрген ішкі саяси материал. Сол себепті ресми кітапхана, дүкендерден табу тым қиын.

Неше жүз беттік ішкі құжатты ыждағатпен оқу барысында Қытай, Моңғолия және советтік Қазақстанда бір-бірімен қанаттас отырған қазақтар туралы және 80- жылдың соңы, 90- жылдың басында пайда болған ұлттық қайта өрлеу, ес жию кезеңін бүге-шігесіне дейін зерттеп, сараптап отырғанын байқадым.

Деректі құжат Шыңжаң өлкесінде ішкі материал есебінде жарық көрген. Тілі ұйғырша және түзуші мамандар да тағы солар. Неше жүз беттік деректі материялда "қазақ мәселесі" үшін арнайы жеке тарау арнаған. Олар жеке-жеке мынадай (сүгіреттегі):

­

1. сүгірет:
*Ұлы қазақ мемлекетін құру жолында (яғни пан-қазақизм)

2. сүгірет:
*Шетелдегі бір бөлім қазақ бүлгіншілердің қарекеттері (іс-қимылдары)

3. сүгірет:
*Ұлттық бүлгіншілердің қазақ мемлекетін құру арманы және қарекеттері

Менің оқу барысында таңғалғаным 80-жылдардың соңында Алаш зиялыларының ақталуымен басталған ұлттық ояну кезеңін (мысалы, Алаш партиясын құрамыз дейтін іс-әрекеттер, Азат қозғалысы, Қазақ қауымдастығы, т.б.) және алыс-жақын шетелдердегі қазақ ұлтшылдарының қоғамдық, саяси бүкіл қызмет, іс-қимылдарын бүге-шігесіне дейін майын тамызып отырып талдап жазған. Сондай-ақ, бұны Пан-Қазақизм қозғалысы деп бағалаған, сондай қортынды шығарған.

Естеріңізде болса осыдан үш жыл бұрын (2017-ж) "қытайда қазақ қаупі бар ма" деген бір пост дайындаған едім. Сол жылдары қытайша бірқанша ақпарат көздерінен сондай "қауіпті" айтып дабыл қаққан білгіні (жазбалар, ред.) оқып едім, мына қолыма түскен деректі материал соны айғақтай түсті.

Ішкі құжаттық деректі материалды дайындаған мамандардың аналитикасына шынымен де таңғалдым. Ол жылдары біз қытай туралы дым білмей тұрған кезімізде олар біздегі іс-қимылдың бәрін әбден сараптап үлгеріпті. Сөйтіп келешекте бұл аймақтардан қандай қауіп келуі мүмкін дейтін сұраққа күні бұртын жауап дайындап қойыпты.

Дәл қазіргі саяси әлеуетке талдау жасасақ, Қытай Орталық Азия аймақтарындағы ұлттық, дінни өрлеу кезеңі мен қыр-сырын қанық деңгейде біледі. Ауғаныстандағы үкіметке балама діни күштермен ынтымақтасып үлгерді, сайып келгенде бұл аймақтардан келетін ұлттық, руқани һәм діни қауіп әлсіреді.

Орталық Азия елдеріндегі ұлттық немесе діни күштердің қайта жандануы үшін АҚШ арадағы ықпалдастыққа ойыншы ретінде қатысу пиғылы басым. Орталық Азия елдеріндегі автократтық жүйе тез арада жылдам демократияланбайды, бұны АҚШ та біліп отыр, сондықтан да Құрама Штаттар бұл аймақта тым көбірек діни күштермен ынтымақтасу мүмкін, өйткені діни күштер жылдам әрі сергек іс-қимылға көшеді. Бірақ, қазір аймақтағы ең белсенді діни күштер АҚШ-қа қарағанда Қытаймен ертерек тіл табысып отыр. Сол тіптен қызық...

Қазір әлем коронавируспен әбігер... Коронавирустан кейінгі әлемнің ауқымды саясаты мен аймақтар арасындағы саяси қатынастарға да ойлана беруіміз керек. Олай дейтін себебім, 90-жылдарда біз ес жиіп, етек жеңімізді түре алмай жатқанымызда шығыстағы көршіміз бізді бүге-шігемізге дейін әбден зерттеп, бізден келетін келешектің қаупін бесігінде тидау салып отырған. Дәл бүгін олар бізді одан да сапалы, одан да маңызды анализдермен жіті бақылап, біздегі саяси түйсікті өзімізден ерте сезіп отырмасына кім кепіл?!".

"The Qazaq Times"