АҚШ сенаты Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бин Салманды журналист Жамал Хашоггидің өліміне тікелей қатысы бар деп ресми түрде мәлімдеуі мүмкін. Бұл туралы Washington Post хабарлап отыр.

Басылым ақпаратына сүйенсек, АҚШ сенатының ішкі саясат басқармасының басшысы Боб Коркер тақ мұрагерінің бұл іске жауап беретіндігін ашық түрде айтқан. Сонымен қатар, Эр-Риядтың агрессиялық саясатын тоқтатып, Парсы бұғазы мен Йемен мен Катардағы адам құқығын бұзғандарды да жазалау керектігін жария етті.

Бұдан бөлек аталған құжат ішінде Саудия басшысын кінәсіз деп таныған АҚШ президенті Дональд Трамптың да мінезіне байланысты тоқтамдар көрсетілген. ЦРУ-дың ақпаратын бұрмалап, Конгресс ішінде жағымсыз бейнеде қалған басшыға бүгінде өз сенат мүшелері де қарсы шығып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, қазан айында саудиялық журналист Жамал Хашогги Стамбулдағы Сауд Арабиясының консулдығына кіргеннен кейін жоғалып кеткен. Арада бірнеше күн өткеннен кейін, оны сол мезетте буындырып өлтіріп, денесін бөлшектеп тастағандығы анықталды. Washington Post басылымында белсенді жұмыстар атқарған журналистің ісінен Түркия билігі әділ шешім шығуын күтіп отыр. Сондай-ақ Эр-Риядтан кінәлі адамдардың тізімін беруді де талап етуде.

“The Qazaq Times”