Иран президенті Хасан Рухани бір күн бұрын жасаған мәлімдемесінде, ИИР мен Түркия арасында ынтымақтастықты кеңейтуді қолға алғанын айтты. Бұндай мәлімдеме президент Рухани мен Түркия Ұлттық мәжілісінің төрағасы Йлдырымен кездесу кезінде ортаға салынған. Бұл туралы түркиялық «Анадолы» және Иранның IRNA ақпараттық агенттігінің ресми сайттары хабарлады.
Өңірдегі геосаяси процестерде одақтас ретінде көрінген Түркия мен Иран бұл жолы банк секторлары және энергетика салаларында кеңейтілген ынтымақтастықты көздеп отыр.
Иран президенті қазіргі қалыптасқан жағдайға байланысы Иран-Түркия арасындағы ынтымақтастықтың маңызы туралы көбірек тоқталған. Ол сөзінде: «Түркия біздің тұғырында берік тұратын сенімді серік, әрі дос ел», – деп бағалаған. Сондай-ақ, Анқарамен (Анкара) барлық салада істестік орнатуды қалайтынын айтып өтті.
Сүрия мәселесі, Шығанақ елдері қарым-қатынасы, Орта-Шығыс қайшылықтары және АҚШ санкциясы секілді өңірлік мәселелерде Иран мен Түркия билігі бір-бірін жақтап келеді. Әсіресе, Сүрия мәселесінде Ресей, Иран, Түркия үштігі маңызды ойыншылар қатарында көрінді. АҚШ-тың Иранға бағыттаған санкциясы туралы да Анқара билігі Теһранның (Тегеран) сөзін сөйледі. Бұл қатынас өңірдегі екі елдің арасындағы байланыстың дамуына түрткі болуда.