Биыл жыл басында Google компаниясы АҚШ Қорғаныс министрлігімен ұшақтарға жасанды интеллект жобасын әзірлеу туралы келісімшарттан бас тартқанын білдірген еді. Аталған компания оның себебін, соғысқа арналған технологияларды құрастыруға қарсы екендігімен түсіндірген. Кейін, Google компаниясы Қытай нарығына қайта кіру үшін, іздеу жүйесін Қытай нарығына бейімдеуге тырысты және Бейжің билігінің талабына сәйкес, іздестіру құрылғысының мазмұнына бақылау, салыстыру, ізге түсу процестерін кірістіруге мақұл болды.

Ал, кеше «Уашингтон пост» басылымы ұйымдастырған семинарда, АҚШ қарулы күштерінің ең жоғары әскери командирі Google компаниясына деген күдігін жайып салды.

Семинардың модераторы Google компаниясының АҚШ әскери техникаларын дамытуға көмектесуін тоқтатқанымен, керісінше Қытай үкіметінің еркіндікті шектеу әрекеттеріне көмектескені туралы сұрақ қойды. АҚШ Әскери штаб командирлер комитетінің төрағасы, адмирал Жозеф Данфорд бұл туралы: «Біз Қытайдың өз азаматтарының еркіндігін шектеп отырғанын да, зияткерлік меншік құқығын бұзатынын да білеміз. Алайда, мені таңқалдыратыны – біздің компанияның Қытайдың іскерлік мүдделерін дамытуға көмектесетіні», – деді.

2014 жылдан 2017 жылы шілдеге дейін АҚШ қорғаныс министрінің орынбасары болып келген Уолкер де осыған бұрын Google компаниясының «екіжүзділігін» сынға алған еді. Ол сөзінде: «Google -дың Қытайда жасанды интеллект орталығы бар. Қытайдың жасанды интеллект орталығындағы кез-келген технология Қытай үкіметінің қолында, соңында ол Қытай армиясының пайдалануына беріледі», – деген болатын.

Кешегі семинар кезінде Жозеф Данфорд: «Мен Google компаниясының Ресей мен Қытайдың басымдылығындағы әлемді көргісі келетініне сене алмаймын», – деді. Ол және АҚШ әскери және жеке кәсіпорындар арасындағы технологиялық ынтымақтастық АҚШ қарулы күштеріне соңғы 70 жылда ашық әрі еркін әлемді сақтауына мүмкіндік бергенін алға тартты.

Адмирал Данфордтың айтуынша болашақта нағыз басымдыққа ие армияның кім екенін  жасанды интеллект технологиясы айқындайтын болады. Сондықтан ол,   Google сынды ірі технология компанияларының АҚШ қорғаныс саласымен ынтымақтастықты жалғастыруын үміт етеді.

Google компаниясы бұл жобада адамдардың еркіндігіне қол сұғатын «қателіктің» бар екенін мойындаған.  Алайда, жоба әлі де зерттеу сатысында тұрғанын айтады.

“The Qazaq Times”