Қытайлық зерттеуші-ғалым Хы Жиянкуйдің жаңалығы халықаралық ғалымдардың сынына ұшырады. Ол осыдан бірер күн бұрын адам эмбрионындағы гендерді өзгерткенін, нәтижесінде дені сау егіз сәбидің дүниеге келгенін Associated Press агенттігіне берген сұхбатында жария еткен болатын.
Осы оқиғадан соң, халықаралық ғылыми қоғам ғалымның жұмысын айыптады. Мәселен, аустралиялық биофизик Антуан ван Ойен бұған ғылым саласындағы "ең ауыр күн" деген баға берді. Себебі, Хы Жиянкуй мұндай тәжірибе жасауға қатысты халықаралық мораторийді бұзған. Ал Лондон университетінің зерттеушісі Марьям Хосрави твиттер парақшасында: "Біздің ғылым саласында осындай тәжірибелер жасай алатынымыз, оны жасау керек дегенді білдірмейді. CRISPR технологиясы үлкен потенциалға ие, қытайлық осындай жолмен дүниеге келген балалар ғылымға деген сенімге дақ түсіреді, әрі адам өміріне қауіпті", - деп жазды.
Френсис Крик Институтының даму биологы Кэти Ниакин бұның жауапсыздық, әдепсіздік, әрі қауіпті екендігін айтса, CRISPR-дің авторы Дженнифер Дуднан тәжірибе басталғанға дейін қандай жағдай болғанын және қандай келісімдер орын алғанын анықтау үшін мұқият тергеу жүргізу қажет екендігін айтты.
Ал, қытайлық жүздеген ғалым Қытай үкіметіне ашық хат жолдады. Хатта олар адамның геніне қатысты барлық жұмыстарға, тәжірибелерге заңды түрде шектеу қоюды талап етті. Ғалымдардың айтуынша, эмбриондағы гендерді өзгерту адамзаттың өміріне қауіп төндіреді. Сондай-ақ, бұған дейін мұндай соңы неге апарып соқтыратыны белгісіз тәжірибелерді ешкім жасаған емес дейді олар. Нәтижесінде, Қытайдың Ғылым және Технология министрлігі ДНҚ гендерін ауыстыруға қатысты барлық зерттеулерге шектеу қойды және қазіргі уақытта аталған тәжірибеге қатысты тексеріс жүргізіліп жатқандығын айтқан.
Сондай-ақ, Associated Press агенттігіндегі мәлімдемеден соң, Қытайдың Оңтүстік ғылым және технология университетінің сайтында донцент Хы Жиянкуйдің осы жылдың екінші ақпанында уақытша қызмет орнынан кеткендігі жөнінде ресми ақпарат жарияланған. Жоғары оқу орны бұл жайттан бейхабар екендігін айтып, ғалымды ғылымдағы этикалық принциптерді бұзды деп айыптаған.
Жалпы, қытайлық генетик тәжірибе жасау үшін сегіз жұпты таңдап алған. Оларды репродуктивті емдеу барысында CRISPR/Cas9 жүйесінің көмегімен эмбриондағы гендеріне өзгерту енгізген. Нәтижесінде, дені сау әйел мен ВИЧ жұқтырған ер адамның отбасында сап-сау егіз қыз дүниеге келген. Хы Жиянкуйдің айтуы бойынша, сәбилердегі CCR5 генін алып тастаған жайғдайда, олардың иммунитеті өмір бойына ВИЧ инфекциясын қабылдамайтынын дәлелдегісі келген. Сондай-ақ, таңдалған сегіз отбасы да тәжірибе жасауға өз келесімдерін бергенін айтады.