Соңғы уақытта елде президент сайлауының мерзімінен бұрын болатыны туралы қауесет жиі айтыла бастады. Ақордада болып жатқан белсенді әрекеттер – сайлау алды қадамның бастауы дейтіндер де көп. Конституция бойынша келесі президент сайлауы 2020 жылдың соңына таяу өтуі тиіс. Дегенмен қазіргі саяси процестер ол уақытқа дейін күтуді жөн көрмейтін сыңайлы.
Осы орайда бұл тақырып төңірегінде пікір білдіре алатын белсенді сарапшыларға хабарласып, көзқарастарын сұраған едік. Саяси ғылымдарының кандидаты Толғанай Үмбетәлиеваның айтуынша, сайлаудың өту-өтпеуінен бұрын президенттің биліктен кеткенінен кейінгі жағдай көбіреу ойлантуы тиіс.
– Назарбаев билікті тапсырғаннан кейін жоғарыдағы элиталы топтар арасында мүдде қақтығыстары туындауы мүмкін. Президент отбасының да қолдағы байлығын сақтап қала аларына еш кепілдік жоқ. Ал Батыс елдерінің біздегі жағдайға танытар реакциясына келер болсақ, олар пәлендей ештеңе істей қоймас. Олар сырттай сын, ескертпелерін айтқанымен шындап ішкі саясатқа араласпайды. Бірақ түптеп келгенде авторитарлық билікке олар қарсы және мұны ашық айтады, – дейді ол.
Ал қоғам қайраткері Жарылқап Қалыбай президент сайлауының өтуі туралы сауалға кеңінен қамтып жауап бергенді жөн санады.
– «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды». Мектептегі мұғалімдер сайлауға дайындықты бастап кетті деген қауесет жетті. Таяудан бері президент саяси белсенділік таныта бастады. Әкімдері мен министрлерін жинап алып есеп алды, ұрысты, ескерту жасады. Коммуналдық тарифтерді арзандатуға тапсырма берді. Қысқасы, саяси спектакль қойды. Ал таяуда былтырғы «Рухани жаңғырудың» жалғасын жариялады. Қазақ халқы руханият, тарих десе құлап түседі. Яғни, бұл қазаққа арналған, қазақ сайлаушыларына арналған нәрсе. Президент осыған дейін де 28 жылдың ішінде іс-қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру жөнінде екі он жылдық бағдарлама қабылдаған. Біреуі 1991-2000 жылға дейін. Ол орындалмаған соң 2000-2010 жыл аралығында. Бірақ қазақ тілі – мемлекеттік тілге айнала алмады. Осыған дейін де қаншама жоба жасады. Қаншама зауыт-фабрикалардың лентасын қиды. Бірақ уақыт соның бәрі көзбайлау екенін, жалған сөз екенін дәлелдеп берді. Сайлау да президенттің пайдасына шешіле беретін болды. Билік бұқаралық ақпарат құралдарын өз сөзін сөйлейтін баспасөзге айналдырып алу арқылы қол жеткізеді, – дейді ол.
«Аңыз адам» және «Жұлдыздар Отбасы» жобаларының авторы елдегі әлеуметтік жағдай соңғы уақытта тым төмендеп кетті деген пікірде. Бизнестің бәрі Ақорда айналасындағы ықпалды адамдардың қолына өтіп кеткендіктен халық әрең күнелтіп отыр деген Жарылқап Қалыбай, билік бір адамның қолына шоғырланса – әділет ұғымы жойылады дейді.
– Сөз бостандығы да, халықтың шеруге шығу құқығы да түбірімен жойылды. Интернетті бақылау арқылы әлеуметтік желіге де шектеу қойып жатыр. Сөйтіп, халықтың аузы жабық, көзі соқыр, құлағы саңырау болды. Бұл жолғы президенттік сайлауға тіркелу үшін мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізіп тастады: бірнеше жыл мемлекеттік қызметте еңбек еткен болуы тиіс. Қысқаша айтқанда, «Нұр Отанның» мүшесі болуың керек. Екінші талабы – тіркелген партияның мүшесі болып, сені солар ұсынуы керек. Елдегі саяси алаңдағы партиялардың жағдайы қалай екені бәрімізге мәлім. «Ақжол» да, басқасы да қуыршақ партияға айналған. Не айтса да бас шұлғиды. Сайлауға кандидаттар әділ түсті деген күннің өзінде де дауыс санау жүйесі былыққан. Сталин «мәселе қалай дауыс беруде емес, дауысты кімнің санайтынында» деп айтқан. Бізде де осы жағдай, – дейді қоғам қайраткері.