Электр энергиясының бағасы 25 пайызға арзандамақ.

26 қараша күні өткен үкімет отырысында Энергетика министрі Қанат Бозымбаев тарифтерді арзандатуға байланысты президент тапсырмасының орындалу барысына тоқталды.

«Электр энергиясы тарифтерінің 25 пайызға арзандатуға байланысты министрлік бастамасы концептуалды қолдауға ие болды. Біз осы аптаның соңына дейін арзандатылған тариф бағасын бекітуді күтіп отырмыз. Бұл желтоқсан айынан бастап орталықтандырылған сауда жүйесін құруға септігін тигізеді. Сауда нәтижесі бойынша, электр энергиясын өндірушілер тарифтер бағасын белгілейтін болады» - деп мәлімдеді Бозымбаев.

Бұған дейін президент Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің отырысында коммуналды қызмет тарифтерін арзандатуға байланысты тапсырма берген. Айта кететін бір жайт, осыдан бір жыл бұрын президенттің өзі тарифтер бағасын қымбаттату керек екендігін айтқан. Сарапшылар пікірінше, Назарбаев тарифтер бағасын арзандату, 7-20-25 тұрғын үй бағдарламасын енгізу арқылы алда келе жатқан президент сайлауының алғышарттарын жасауда.

Қазақстанда заң бойынша президент сайлауы 2020 жылы өтуі тиіс. Бірақ сарапшылар мен журналистер қауымы президент сайлауы 2019 жылы мерзімінен бұрын өтуі мүмкін деген болжам айтуда.

Жалпы, Тәуелсіз Қазақстан тарихында президент сайлауы 2005 жылы бір-ақ рет уақытында өткен. Қалған жылдардың барлғында түрлі сылтаулармен мерзімінен бұрын болған.

"The Qazaq Times"