Қазақстанның сауда нарығынан Ресей мен Беларуссияның тауық еті және бірнеше кәсіпорындардың тауарларын алып тастайды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеп отыр.

«Магнитогор құс өсіру кешені» мен «Бройлер өндірісі» фабрикаларының өнімдері жаппай дүкендерден алынады. Себебі, тексеріс кезінде өнім құрамынан сальмонелла бактериясы бар екендігі анықталған. Сонымен қатар, қазақстандық мамандар тауық етінің микробиологиялық құрамы да сәйкес келмейтіндігін тапты. Бұдан бөлек,  беларуссиялық «Смолевич Бройлер», «Натуральный» және «СПК Курников» компанияларының өнімдері де біздің нарыққа сай емес екендігін мәлімдеді. Қазіргі таңда барлық жағдайды бақылауда ұстап,  әкімшілік жаза қолдану туралы жұмыстар жүргізілуде.

Естеріңізге сала кетейік, қоғамдық денсаулық сақтау комитеті қазан айында ресей кәсіпорындарының бірнеше сапасыз тауарларын ішкі нарықтан алып тастаған. Енді оның құрамы тағы да ұлғаюда.

Соңғы уақытта Ресей ауылшаруашылық орыны мен қазақстанның ауылшаруашылық министрлігінің арасында бірнеше теке-тірестің болғандығы белгілі. Тіпті, Ресей Қазақстанның сүт, балық, шұжық сынды өнімдеріне тосқауыл қойып, жеміс жидектің сапасына да қатты көңіл бөлген. Осының салдарынан кедендік бақылау бекетінің маңынан бірнеше тауарға тосқауыл қойып шекарадан асырмаған болатын. Енді, Қазақстан тарапы да бұл іске білек сыбана кіріскен сыңайлы.

“The Qazaq Times”