Құрама Штат Иранның Химиялық қаруды таратуға қарсы ұйымның белгілемелерін бұзғанын мәлімдеді. Әрі, Иранды химиялық қаруды таратпау туралы ешқандай іс-шара атқарып отырған жоқ деп сынға алды.

АҚШ арнайы өкілі Уорд Гаагада өткен Химиялық қаруға қарсы ұйымның жыл сайынғы отырысында, Ирандағы орталық жүйке жүйесіне зақым келтіретін химиялық заттарды өндіру ісінің дамып келе жатқаны Құрама Штатты алаңдатып отырғанын айтты. Сондай-ақ, АҚШ өкілі Иран бұл химиялық қаруларды әскери әрекеттерге пайдалануы мүмкін екенін айтты, алайда, нақты дереккөздерін көрсетпеді.

Уорд Иранның Химиялық қаруға қарсы үш бірдей ережені бұзғанын алға тартты. Иран Ислам Республикасы болса, 1997 жылғы химиялық қару туралы конвенцияға қол қойды.

Өткен аптада америкалық БАҚ Трамп үкіметінің лауазымдыларының сөзіне сілтеме жасай отырып, Құрама Штат тарабы Химиялық қаруға қарсы ұйымның дәстүрлі жиналысынан пайдаланып, Иранның химиялық қару мәселесін ортаға салатынын хабарлаған еді. АҚШ-тың арнайы өкілі америкалық БАҚ-тың бұл дегенін растап шықты.

АҚШ биыл мамырдан бастап Иранға дипломатиялық және экономикалық қысымдар түсіріп келеді. Трамп әкімшілігі Израиль барлау агенттерінің мәліметтерін алға тарта отырып, Иранды ядролық бағдарламаларды дамытып отыр деп айыптады. Ал, 2015 жыл қол қойылған Иран ядролық келісімінен бір жақты бас тартқан АҚШ, Теһран билігі ядролық оқ тұмсықтарды жеткізетін баллистикалық зымырандар жобасын дайындап жатқанын айтады.

“The Qazaq Times”