Еуроодақ пен Ұлыбритания болашақ қатынастар туралы декларация жобасын талқылады. Бұл Brexit келісімшартын жүзеге асыруға жол ашады.
Еуропалық Кеңестің хабарлауынша, ЕО мен Ұлыбритания қауіпсіздік саласындағы ортақ саяси декларацияға қол қоюды жоспарлап отыр. Осы орайда Еурокеңес президенті Дональд Туск: «Мен одақтың 27 мүшесіне ЕО мен Ұлыбритания арасындағы болашақ қарым-қатынастар туралы саяси декларацияның жобасын жібердім. Енді құжат саяси деңгейде қаралып, өзге елдер көшбасшыларының шешімімен бекітілуі тиіс», – деді. Егер жоспар іс жүзеге орындалса, ЕО мен Ұлыбритания бұл Декларацияны сауда жөніндегі келісімнің негізі ретінде пайдаланады. Аталған келісім 29 наурызда бекітілуі тиіс. Осы кезең ішінде Британия жалпыеуропалық нарық пен Кеден одағының мүшесі болып қала береді.
Британия басылымдары: «Шарт Терезеа Мэй үшін жеңіс емес, нағыз капитуляция. Бұл келісімді қолдау үшін еш негіз жоқ», – дейді. Расымен, біраз уақыт ішінде саясаткерлер тарапынан қатаң сынға ұшыраған Brexit жоспарына қарсы барлық оппозициялық партиялар, сондай-ақ консерваторлардан құралған Парламенттің ондаған мүшелері әлі де премьер-министрдің жобасын тоқтатуға тырысып бағуда. Олардың біразы Тереза Мэй үкіметіне қарсылық вотумын жіберіп үлгерген.