Мексика шекарасындағы Тихуана қаласының тұрғындары өңірге заңсыз мигранттардың келуіне қарсы ереуілге шықты. Бұл туралы Euronews хабарлады.
Бір апта бұрын Гондурастан бет алған босқындар керуені Мексика шекарасына жеткен. Мексика қауіпсіздік күштері мигранттарға тосқауыл қойып, шекара маңында қақтығыстар орын алды. Ал Мексика тұрғындары Орталық Америкадан шыққан босқындарды елге кіргізбеу керек деп ұрандады. Ерреуілге Тихуанадан бөлек, Сан-Диего мен Калифорния штатының тұрғындары да қатысқан. Әскерилер мен тәртіп сақшылары ереуілшілерді босқындар лагеріне жеткізген жоқ.
Осыған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің Твиттер парақшасында мәлімдеме жасап, егер Мексика заңсыз мигранттардың АҚШ-қа кіруін тоқтата алмаса, онда Құрама Штат екі ел шекарасына арнайы әскерлерді жіберетінін айтқан болатын. Әрі, заңсыз мигранттарға саяси баспана бермеу туралы заңға қол қойды. Сондай-ақ Мексикамен шекара күшейтіліп, 6 мыңнан астам жауынгер орналастырылды. Қарулы әскер шекара маңын торуылдаса да, елінен қашқан мигранттар қалай да шекара асуға дайын.
Естеріңізге салайық, бір ай бұрын Гондурастан бет алған алты мыңға жуық босқын Мексика шекарасына жетіп, ары аспақ болған. Жақын арада олардың саны бес мыңға жетуі мүмкін. Келімсектердің біраз бөлігі Мексикада қалса, қалғаны АҚШ-тан саяси баспана сұраған.