Америкалық БАҚ осыдан бұрын, Орталық барлау агенттігінің тергеу нәтижесіне сілтеме жасап, журналист Хашоггиді өлтіруге Сауд патшалығының тақ мұрагері Мұхаммед бин-Салманның бұйрық бергені туралы хабар таратқан еді. Алайда, президенті Дональд Трамп мәлімдемесінде, Орталық барлау агенттігі бұл іс бойынша соңғы қорытынды мәліметті әлі де дайындап болмағанын, сейсенбі күні толық мәлімет беретінін жеткізді.

Калифорниядағы өрт жағдайына байланысты жасаған сапары кезінде БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. Ол сөзінде, сейсенбі күні кісі өлтіруші мен оған бұйрық беруші туралы толығырақ мәліметтің болатынын айтты. Трамп мәлімдемесінен бірнеше сағат бұрын АҚШ Мемлекеттік департаменті де осыған ұқсас мәлімет  таратқан еді. Онда: «Құрама Штат журналист Хашоггиге жасалған қастандық ісіне байланысты соңғы қорытындыға әлі келген жоқ», – делінген еді.

Дегенмен, АҚШ Мемлекеттік департаменті кісі өлтіруге қатыстылар жазасыз қалмайтынын, дегенмен, әлі де дәлелденбеген көптеген мәселелердің бар екенін ескерткен болатын.

Құрама Штат Хашогги ісіне қатысы бар деп танылған 17 лауазымды тұлғаны санкция тізіміне енгізген. Алайда, АҚШ Конгресінің кейбір мүшелері Сауд Арабиясымен қару-жарақ саудасын қамтыған көптеген мәселеде ынтымақтастықтан қол үзбеу керек екенін қуаттап шықты.

АҚШ президенті де осыған дейін Сауд Арабиясына  сатылатын қару-жарақ көлемін азайтқысы келмейтінін білдірген. Керісінше, өңірдегі басты қарсыласы Иранмен болатын күресте, сондай-ақ, қару-жарақ сату-сатып алу істерінде ынтымақтастықты кеңейту керектігін алға тартқан. «Біз оларға қару сатпағанымызбен, олар бәрі бір Ресей немесе Қытайдан қару-жарақ сатып алады», – деген болатын АҚШ президенті.

АҚШ қорғаныс өкілдері де бұл мәселеде Трампты қолдайтын сыңайлы. Олар сенбі күні өткен форумда, Сауд Арабиясы АҚШ-тың Орта Шығыстағы қадамдары үшін аса маңызды екенін атап айтты.

“The Qazaq Times”