Украина президенті Петр Порошенко мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткен «агрессорлық мемлекет» яғни Ресей азаматтарын қылмыстық жауапқа тарту туралы заңға қол қойды.
Былтыр Киев тарапы Ресей аннексиялаған Қырымға шекараны кесіп өтпек болған 100-ге жуық ресейлік азаматтарға қатаң тыйым салған болатын. Жоғары Раданың баспасөз қызметі хабарлағандай, енді жаңа заң жобасы Ресей мен ресейшіл, мүдделес мемлекеттерге қатысты. Заң ережелеріне сай, кеден бекетінен заңсыз өтпек болғандар немесе бір рет кесіп өткендер үш жылға, екінші мәрте өткендер бес жылға, ал қару қолданбақ болған азаматтар сегіз жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Сондай-ақ, құжатсыз жүрген босқындар да жауапкершілікке тартылады.
Айта кетейік, 2004 жылы Ресей Украинаның Қырым автономиялық республикасын аннексиялаған. Ресей өзінің бұл қылығын «тарихи әділдік» деп бағаласа да, АҚШ пен Еуропа елдері Мәскеудің «агрессиялық» әрекетін заңсыздыққа балап, бірнеше мәрте санкциялар енгізіп келеді. Украина тарапы да Ресеймен арадағы бірнеше байланысқа нүкте қойды. Осы жылдың қыркүйегінде президент Петр Порошенко Украина мен Ресей арасындағы Достық, Ынтымақтастық және серіктестік келісімінің күшін жою туралы жарлықты қабылдады. Ал қазаннан бастап Украинаның Житомир облысы орыстілді мәдени өнімдерге толықтай тыйым салған болатын. Тыйым актісі бойынша, орыстілді бағдарлама, фильмдерді көрсетуге, ақпараттарды жариялауға болмайды. Сондай-ақ, ресейлік өнерпаздардың гастрольдік сапармен келуіне де қатаң тыйым салынған. Қарсылық шаралар мен заңдар «Ресей Украина аумағын басып алудан толықтай бас тартпайынша» өз күшін жоймайды.