АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео мәлімдеме жасап, осы аптада Нью-Йоркте Солтүстік Кореяның жоғары лауазымды өкілі Ким Яңмен ядролық қарудан бас тарту мәселесі туралы келіссөз өткізетінін айтты. Бұл туралы VOA жаңалықтар қызметі хабарлады.

Солтүстік Кореяның ядролық қарудан бас тартуы туралы АҚШ президенті Дональд Трамп маусым айында Сингапурда өткен КХДР басшысы Ким Жоң Унмен кездесуде ортаға қойған. Одан бері тараптар бірде тату, бірде қату мәміледе болып келді. Диалогтар үзіліп қалмағанымен, Солтүстік Кореяның ядролық қаруларын қысқарту бағдарламалары баяулап қалған еді.

Помпео осы аптада болатын келіссөздің ядролық қарусыздандыру ісіндегі тамаша орай екенін айтады. Оның айтуынша, бұл келіссөз арқылы Солтүстік Кореяның ядролық қарудан бас тарту уақытын және бағдарламасын анықтауға болады. АҚШ-тың қазіргі үкіметі болса, Трамптың алғашқы президенттік мерзімі аяқталудан бұрын, яғни, 2021 жылы қаңтарға дейін Солтүстік Кореяны ядролық қарудан түбегейлі бас тарту туралы келісімге қол қойдырғысы келеді.

Солтүстік Корея бұл туралы жасаған мәлімдемесінде, егер Құрама Штаттың Солтүстік Кореяға бағыттаған санкциясы толастамаса, онда Пиоңяң (Пхеньян) билігі «байыпты түрде» ядролық сынақтарды қалпына келтіруді қарастыратынын жеткізген еді. Алайда, Помпео жексенбі күні Fox News арнасының сұхбатын қабылдағанда бұл қауіпті жоққа шығарды. Ол сөзінде: «Мен бұл туралы алаңдамаймын. Біздің бағытымыз айқын, әрі келіссөзге келетін қарсы жақты да анық түсінеміз. Президент Трамптың бұл мәселедегі бағыты айқын», – деді.

Помпео Құрама Штаттың өз мақсатына жетпейінше экономикалық санкцияны тоқтатпайтынын қадап айтты. Осыдан бұрын да АҚШ Солтүстік Корея толықтай ядролық қарусыздану келісіміне қол қоймай тұрып, экономикалық қысымды әсте босаңсытпайтынын жеткізген. АҚШ-тың бұл шешімін Солтүстік Корея өз кезегінде «қарақшылық әрекет» деп те бағалаған болатын.

АҚШ мемлекеттік хатшысы келіссөздердің баяу жүріліп жатқандығына қарамастан, екі ел арасында қарым-қатынастың жақсы жаққа бет алып келе жатқанын айтады. «Маусым айындағы тарихи кездесуден кейін біз зымыран сынақтарын көрмедік, ядролық сынақтар да болған жоқ. Ал біз болсақ америкалық әскери күш-жігерімізді сол күйі сақтап қалдық. Осының бәрі жақсы қадам емес пе?!»– дейді Помпео.

“The Qazaq Times”