Қазақстаннан шетке аттанып, жұмыс істеп ақша табуды көздейтін қазақстандықтар саны артып келе жатыр. Олар еліміздегі табыстың ештеңеге жетпейтінін, сол себепті шекара асуға мәжбүр екенін айтады. Бір танысымыз қазір АҚШ-та тұрып жатыр. Алғаш барғаннан кейін ол жақта өмір сүрудің қолайлы екенін айтқан. Тапқан табысын елге әкеліп іске жаратқаннан кейін қайтадан мұхит асты. Дегенмен АҚШ-қа аттану оңайлықпен жүзеге аспайды. Олардың шарттары қатал, талабы жоғары. Сондықтан ел тұрғындары көбінесе Оңтүстік Кореяға барғанды жөн көреді.

Әрине, ол жаққа диплом бойынша кәсіби қызмет істеуге барып жатқан отандастарымыз да бар. Бірақ күмәнді туркомпаниялар қызметіне жүгініп, турист екеніне мейлінше сендіріп, жат жерге табан тіреген соң қара жұмыс іздеп сабылатын қазақстандықтар саны еселеп көбеюде. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, соңғы үш жылда 100 мыңнан астам адам Оңтүстік Кореяны бетке алған. Олардың көпшілігі құрылыста, зауыттарда жұмыс істейді және миграциялық қызмет өкілдерінен жасырынып жүреді.

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, аталмыш елде дәл қазіргі сәтте 12 мың қазақстандық заңсыз жұмыс істеп жүр. Қатайтылған соңғы ереже бойынша олар ерікті түрде өз отандарына қайтпаса, әрқайсына 6 миллион теңгеден астам айыппұл салынуы мүмкін екен. Бұл туралы жақында ғана «Алматы» телеарнасы ақпарат таратқан. Ал депортациядан кейін олар 10 жыл бойы ол елге аттап баса алмайды. 2017 жылдың жазында Оңтүстік Корея билігі қазақстандық туристерге деген талапты күшейткен:

  • Медициналық мәселе бойынша сапар шексе – ауруханаға алдын ала бронь жасауы керек немесе баратын медициналық мекемесі туралы ақпарат бере алуы керек.
  • Турист болып барса – егер көргісі келетін көрнекі орындар мен саяхатының жоспары туралы айтып бере алмаса онда шекарашылар оны кері қайтарады.
  • Іскерлік сапармен барса – Кореядағы серіктестердің, ұйымдардың ресми шақыртуын көрсете алмаса, талқылайтын жобасы туралы айта алмаса онда шекарашылар оны елге кіргізбеуге құқылы.

Заңсыз жұмыс істейтіндердің барлығы дерлік – мол ақша тауып, оны отбасына жіберуді көздейді. Сөйтіп, елдегі қиын тұрмысты түзеуге күш салады. Мұндай әңгімелерді қазір қоғамдық көлікте, қоғамдық орындарда да көп еститін болдық. Әйтеуір, әрбір үшінші адам Оңтүстік Кореяға барып жұмыс істеп, көл-көсір ақша тауып, сол арқылы отбасының материалдық жағдайын ретке келтіріп жатқан бір қазақ туралы мысал келтіріп бере алады. Сыртқы істер министрлігі халықаралық ақпарат комитетінің мәліметі бойынша, Қазақстанға ақша аударымы бойынша Оңтүстік Корея екінші орынға көтерілген. 2018 жылдың бес айында Кореядан Қазақстанға қарай 17,4 млрд теңге жөнелтілген. Бір жыл бұрын ғана бұл көрсеткіш – 7,5 млрд теңгеге тең болған екен.

«Туристік фирмалар адамдарды шекарадан өткізіп береміз деп алдап, ақшаларын қағып алады. Біздің отандастар оларға имандай сеніп, соңында дымсыз қалады. Олар туристік фирмадан ешқандай келісімшарт талап етпейді. Жұмысшы визасын да сұрамайды. Құдды Кореяның миграциялық билігі оларды құшақ жая қарсы алып, жұмысқа орналастыратындай сезінеді. Мұндай құрғақ тәуекелге бас тігудің керегі жоқ» дейді ҚР СІМ халықаралық ақпарат комитеті төрағасының орынбасары Сатыбалды Бұршақов.

Оңтүстік Кореяға барып ақша табуды көздеген, бірақ шекарадан жолы болмай кері қайтқан отандасымыздың бірі – Ерғали (өз өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді). Жасы – 27-де. Осы талпынысынан кейін көп нәрсеге көзі жеткен Ерғали, The Qazaq Times тілшісіне былай деп сұхбат берді.

«Нұрсұлтан деген досымыз екеуміз жоспар құрып, әнші апайымыз ұсынған таныс әйел кісіге бардық. Ол кісі адам басына 2500 доллардан сұрады. Айтуынша, өзінің туған сіңлісі мен әкесі он жылдан бері сол жақта тұрады екен. Осы шаруамен айналысқанына алты жылдай болыпты. Ол кісі қазіргі ресми шарттарды орындау қиынға соққандықтан, «қонаққа апару» сценарийін ұйымдастырады екен. Әлгі апай сол жақтағы кәріс танысын шақырып, адамдарды ертіп жібереді. Сондықтан жаңағы кәрістің де «еңбегі» үшін оған 200 доллар беруге міндеттісің. Әрі ол сенің жұмыс табуыңа да қолғабыс етуі мүмкін. Бірақ оған ұсына қоятын 2700 доллар ақша бізде болмады. Оның үстіне екеумізді қоса есептегенде 5400 доллар таба алмайтын болдық» дейді.

Олар мұнымен тоқтап қалмай басқа турфирмаларға сөйлеседі. Олардың да талап еткен бағасы тым қымбат болып шыққан. Сөйтіп жүргенде кәріс әйелге кезігеді. Аса сақ қимылдаған әйел – 1500 долларға жеткізіп, қымбат қонақ үйге бронь жасап, өзі бірге барып, арнайы декларация толтырып, шекарадан өткізуге уәде берген.

«Шекарадан өте алмай қалсақ билетімізге жұмсалған ақша да күйіп кетеді. Келісімшартта солай көрсетілген. Бірақ шекарадан сол күйі өте алмай қалдық. 20 сұрақ қойса, соның 15-іне дұрыс жауап бергем. Соның өзі тексерушілерді қанағаттандырмаған сыңайлы. Әрі 1 қазан мен 31 наурыз аралығында заңсыз жұмысқа келушілерді тазарту шарасы жүргізіліп жатыр екен. Көбісі туристпіз дейді де, жұмысқа қалып кетеді ғой. Сөйтіп, жан бағып жүрген қазақтар ғой. Оларда күндік жұмысты «арбайт» деп айтады. Арбайтта істегендер күніне 70-80 доллар табады. 100 доллорлық жұмыстар да бар. Арматура, түрлі құрылғы шығаратын зауыттары да көп. Олардың айлық жалақысы – 1500-3000 доллар аралығында. Тілін үйреніп алсаң, жақсы табасың деп айтады. Ең ауыр жұмыс – құрылыс. Оның жалақысы 3 жарым мың долларға дейін жетеді. Теңгеге шағып жіберсең айына 1 миллион 300 мың теңге аласың деген сөз» деді Ерғали ол елдегі жалақы мәселесіне кеңінен тоқтала отырып.

Кейіпкеріміздің айтуынша, кәрістер ауыр жұмысқа аса құлықты халық емес. Сол себепті, мигранттардың күшін қатты пайдаланады. Көбінесе, көктемге қарай Кореяда жұмыс көбейеді. Сол кезде адамның бет-жүзіне қарамай өткізіп жіберетін науқан болады екен. Жұмыс істеуге келе жатқандарды біліп тұрса да шекарадан еркін өткізе салады. Себебі, мемлекет сол уақытта сырттан келетін жұмыс күшіне қатты мұқтаждық танытатын көрінеді. Ал күзге қарай қысым қайта басталады. Биыл бұл тексеріс «Жасыл дәліз» деген атаумен жүргізілуде. Осыған орай ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров «Корея Республикасында жүргеніне 30 күннен асып кеткен және виза мен жұмыс істеуге берілген рұқсаты заңға сәйкес келмейтін адамдар алдағы алты ай ішінде жедел отанына оралуы тиіс. Егер бұл талапты орындаса онда ол адамға айыппұл санкциясы қолданылмайды және келешекте Кореяға қайта баруға шектеу қойылмайды» деген болатын.

Күзге таман ебін тауып жұмысқа тұрып үлгергендер жан бағысты әрі қарай жалғастырады. Ал жұмыс таппай қалғандар еріксіз қылмыстық әрекеттерге араласады екен. Бір қызығы ол жақта зат ұрлап кету өте оңай. Тиісінше, ұсталып қалу да оңай.

Бұдан кейін Нұрғали есімді жігіттен де көрген-білгенін сұрадық. Ол Тараз қаласындағы Ортоклаз деп аталатын туристік агентікке өтініш білдірген. 2000-2500 еуро төлесең аталған агенттік негізінен Еуропа елдеріне жіберетін көрінеді. 2000 еуроның ішіне – ұшып бару бағасы, жылдық жұмысшы визасы, медициналық сақтандыру және шақырту кіреді.

«Олардың (агенттік) ұсынып отырған мемлекеттері мен жұмыс орындары алуан түрлі. Таңдап жүріп тауып аласың. Инстаграмда да парақшасы бар. Өз қызметтерін ашық ұсынады екен. Германия, Чехия, Польша, Франциядан бастап кәрі құрлықтың біраз еліне еркін аттандырамыз деді. Телефон арқылы сөйлестім. Сенбей тұрғанымды ашық айтып, «Алдымен 500 доллар алғашқы төлем жасайын. Кейін шақырту мен жылдық жұмысшы визасын алып беріңіз» дедім. Олар бұған келіспеді. «Бәрі құжат, келісімшарт түрінде жасалады. Біздің алдап кетуіміз мүмкін емес» дейді. «Мақұл, олай болса сіздермен нотариалды келісім жасай аламыз ба?» деп тағы сұрақ қойдым. Сөйтсем олар нотариусты да керек етпейді екен. 3 ай күтіңіз, 3 ай ішінде шақырту мен жылдық жұмысшы визасын алып бере алмасақ, сізге барлық ақша қайтарылады дейді.

Нұрғалидің ойын осы мәселемен бетпе-бет келген өзге де қазақстандық жас жігіттер қоштайды. Әлгіндей компаниялар алдына келген клиентті өздерінің қызметімен әбден тәнті етеді. Еуропаның кез келген елінен жақсы жалақы мен жақсы тұрмысты қамтамасыз ете алатын жұмыс тауып бере аламыз. Сізді бір жыл ешкім мазаламайды. Шертіп жүріп жұмыс таңдайсыз деп басын айналдырады. Сосын шақырту мен визаның үш ай ішінде дайын болатынын хабарлайды. Кейін олар клиент үшін жұмыс іздеп те әлекке түсе қоймайды. Яғни, белгіленген үш ай мерзім біткенде «біз сізге лайықты жұмыс таппадық. Сондықтан 500 доллар ұстап қаламыз да, қалған ақшаны қайтарып береміз» дейді. Ал 500 долларды ұстап қалуды келісімшартқа тігісін жатқызып кіргізіп, өз ережелеріне лайықтап алған. Шетелден шақырту мен виза келген күннің өзінде ол шақыртудың қаншалықты талапқа сай, ресми, заңды екені белгісіз. Айналып келгенде бәрі шекарадан өтетін адамның өзіне байланысты болып шыға келмек. Мұндай кезде 2000 еуроны қалтаға басқан әлгіндей агенттіктер жауапкершілікті еш мойнына алмайды.

«Ешкім бір айлыққа қарап жұмыс істегісі келмейді. Шетелге барып ақша тауып жатқандарды көріп қызығып кетесің. Көп таныстарымыз шекара асып жұмыс істеп, Қазақстанда 5-6 жылда тірнектеп жүріп табатын табысты 1 жыл ішінде оп-оңай қалтаға басты. Сондайды естіген кезде шетелге кеткің келіп дегбірің қашады» дейді Нұрғали.

Оңтүстік Кореяға барып, жұмыс істеп, шетелдегі жұмыстың дәмін татқан жанның бірі – Әлібек Серғалиев. Ол да өзінің негізгі аты-жөнін құпия қалдыруды жөн санады. Бірақ ойын іркімей, көрген-түйгенін бізбен еркін бөліскен. Әлібектің де айтқанын шағындап ұсынуды дұрыс көрдік.

«Оңтүстік Кореяға сапарым аса сәтті болды деуге келмейді. 20 күннен соң миграциялық полиция ұстап алып, қамап тастады. Дегенмен сол 20 күнде көп нәрсені көріп, бағамдай алдық. 70 долларлық жұмысты менсінбей, Сеул маңындағы шағын қалаға келіп күніне 100 доллар төлейтін жұмыс істей бастағанмын. Міндетіміз – зауыт ішінде жүк көліктеріне ауыр заттарды тиеу. Ол заттарды жүк машинасы тапсырыс берген мекен-жайларға жеткізіп береді. Жұмыс таңғы 8-де басталып, 5-те аяқталады. Қиыны – жұмыс арасында үзіліс деген болмайды. Біздегідей бір-екі кесе шәй ішіп алайық, сөйтіп жалғастырайық деген әдет те жоқ. Көңілге жаққаны – жұмыс тұп-тура кешкі 5-те біте қалады. Одан әрі қарай жалғаспайды. Жұмыс берушілер біздерді үйге көлікпен жеткізіп салып, таңертең қайта алып кетеді. Ол елде ұнағаны – қауіпсіздік бірінші орынға қойылған. Қылмыс аз тіркелген. Ұсталып қалған соң біздерді түрмеге әкеп қамады. Ол жерде қазақстандықтар көп. Сол жақта жұмыс істегендеріне 2 жыл, 3 жыл болған адамдар да бар. «Өзімізде қайтайын деп жүр едік. Ұсталғанымыз жақсы болды бір жағынан» деп қояды. Сөйтіп, елге депортациялануға тура келді» дейді ол.

Әлібек енді Дубайға барып, жұмыс іздеуге ниетті. Біріккен Араб Әмірліктеріндегі талаптар Оңтүстік Кореяға қарағанда біршама жұмсақ екен. Шекарашылар да қатты қадағаламайтын көрінеді.

"The Qazaq Times"