Солтүстік Атлантикалық Келісім Ұйымы (НАТО) қырғи-қабақ соғысынан кейін тұңғыш рет ауқымды әскери жаттығу өткізбек.
Ресеймен шекаралас жерде өтетін жаттығуға 31 елдің әскерлері қатысады. НАТО басшылары бұл әрекеттің соғысты қаламайтынын және Мәскеумен жанжалдасуды мақсат етпейтінін айтты. Ауқымды шараға авиа-тасымалдаушы «Гарри Трумэн»-нің 6 мың әскерімен қатар жалпы саны 35 мың жасақ қатысады.
НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг: «Қырғи-қабақ соғыс жүргізуді қаламаймыз. Біздің мақсат басқа. Аймақтарда оқыс оқиғалардың алдын алу үшін жауынгерлік әзірліктің маңызы зор. Ал әскердің дайындығын шыңдау үшін оқу, жаттығуларды жиі өткізу қажет. Бұдан кейін де Ресеймен қарым-қатынас ушығады деп ойламаймын. Сол себепті қиыншылықтарға қарамастан, Кремльмен бірлесе жұмыс істеу керек», – дейді.
Айта кетейік, осыған дейін Ресей 300 мыңнан астам жасақ қосып, көлемді әскери жаттығуын Қытаймен шекаралас жерде жүргізген болатын. НАТО елдері Ресей қарулы күштерінің бұл оқу-жаттығу жұмыстарына «Мәскеу үлкен соғысқа дайындалуда» деген баға берген.