АҚШ пен Мексика арасындағы шекара байланысы күннен-күнге ушығып барады.
Өткен апта Америка президенті Дональд Трамп мемлекет шекарасын жабуға бұйрық беретінін мәлімдеді. Соған қарамастан Мексикаға қайықпен барып, шекарадан заңсыз өтіп жатқандар бар. Өз еліндегі әділетсіздік, зорлық-зомбылықтан қашқан келімсектер шекараны асып өтуге дайын. Осы ретте Пентагон шекараға бес мың әскер жіберіп, Гондурас, Сальвадор, Гватемала мен Мексикадан АҚШ аумағына ағылған келімсектер легін тоқтатпақ. Алдағы уақытта осы мәселеге байланысты Гватемала мен Гондурас тарапы келіссөз жүргізбек.
АҚШ-тың Иммиграциялық және кедендік бақылау қызметінің басшысы Кевин Макэлинэн: «Босқындарды еліне қайтарамыз. Америка көшбасшысының мәлімдемесіне сай, құқық бұзуға және заңсыз әрекеттерге жол бермейміз», – дейді.
Еске сала кетейік, екі апта бұрын Гондурастан бет алған алты мыңға жуық босқын Мексика шекарасына жетіп, ары аспақ болған. Мексика қауіпсіздік күштері мигранттарға тосқауыл болып, ірі қақтығыстар орын алды. Шекарадағы дау әлі күнге дейін шешімін тапқан жоқ.