Ұлыбритания халқы Еуропалық Одақ құрамынан шығуға қатысты референдумды қайта өткізуді талап етті.
«The Independent» газетінде қызмет ететін публицистің ұсынысымен кезекті мәрте референдум өткізуге қатысты өтініш жазылған. Өтініште айтылғандай, Британияда орын алып жатқан кез келген саяси мәселелерде халық дауыс беруге және соңғы пікірін білдіруге құқылы. Осыған орай, 1 миллионнан астам халық Brexit жөнінде өтінішке қол қойған. Олардың қатарында қоғам қайраткерлері, белгілі журналистер мен өнер адамдары да бар.
Жалпы ЕО-дан шығу жайлы шешім қабылданғалы бері, үкімет пен парламенттегі билік өкілдерінің пікірі екіге жарылды. Жергілікті тұрғындар аталған шешім жүзеге асса, Британия экономикасы құлдырап, салық төлемінің артуынан қауіптенеді. Премьер-министр Тереза Мэйдің Еуропалық одақ құрамынан шығу туралы шешімі өткен жылдың жазынан бері жалғасып келеді. Егер Brexit орындалатын болса, Біріккен Корольдік ЕО-ға көп мөлшерде салық төлеп, Ирландиямен арадағы шекара байланысын реттеуге міндетті. Негізгі шарт бойынша, қос тарап ай соңына дейін бітімге келіп, Британия ресми түрде ЕО-дан 29 наурызда шығуы тиіс. Алайда, соңғы қақтығыстар мен келіспеушіліктерге қарағанда, Brexit жыры әлі біршама уақытқа созылатын тәрізді.