ФБР агенттері жұма күні Флоридада Хиллари Клинтон мен Барак Обамаға жарылғыш құрылғылары бар ондаған пакетті жолдаған күдіктіні ұстады. Бұл туралы CNN хабарлайды.
Күдіктіні ДНҚ талдауының көмегімен тапқан. Агенттіктің мәліметтері бойынша, ұсталған адам пошта арқылы бомба жолдаған және сол хаты арқылы биліктегілерге қоқан-лоқы көрсетпек болған. ФБР директоры Кристофер Врей пошта арқылы жалпы саны 13 жарылыс құрылғысының жолданғанын айтты. Америка баспасөз құралдары ұсталған адамның осы уақытқа дейнгі әрекеттерін талдап жазған. 56 жастағы Цезарь Сайок АҚШ Республикалық партиясының мүшесі. 1991 жылдан бастап ол ұсақ ұрлық, есірткі және алаяқтық істері бойынша бірнеше рет қамауға алынған. Енді күдіктіге «бес федералдық қылмыс жасап, экс-президенттерді бопсалады және қауіпті жарылғыш зат жолдады» деген айып тағылды. Сондай-ақ күдіктінің Дональд Трамп пен АҚШ вице-президенті Майк Пенстің карикатуралық суреттері және «CNN – провокатор!» деген стикері бар фургоны да табылған. Әділет министрлігінің өкілі Сара Исгур Флорес тергеу жұмыстарының әлі де жүргізілетінін және кінәлілер 48 жылға бас бостандығынан айырылатын айтты.
АҚШ президенті Дональд Трамп: «Күдіктінің қамауға алынғанына қуаныштымын. Біздің құқық қорғаушыларымыз керемет жұмыс атқарды. Мұндай лаңкестікке мүлде орын жоқ. Ешқашан Америкадағы саяси зорлық-зомбылыққа жол бермеуіміз керек. Мен президент ретінде астыртын әрекеттерді тоқтату үшін бәрін жасаймын. Кінәлілер қатаң жазаланатын болады», – деді. Мұндай қауіпті хат Трамп, Клинтон мен Обамадан болек өзге де лауазымды қызметкерлерге жолданған. Бүгін АҚШ-та тағы да жарылғыш құрылғысының табылғаны мәлім болды. Оның екеуі Нью-Джерси штатының сенатор-демократы Кори Букерге, ал тағы біреуі Ұлттық барлау директоры Джеймс Клэпперге жолданған. Нью-Йорк поштасының қызметкерлері тапқан хат CNN телеарнасының редакциясына және актер Роберт Де Нироның мейрамханасынан да табылды.
Трамп әкімшілігі экс-шенеуніктерге, саясаткерлерге және журналистерге бағытталған барлық әрекеттерді террористік акт ретінде қарастыратынын мәлімдеген болатын. Нью-Йорк мэрі де болған істі «лаңкестік» деп атады. Қазіргі уақытта үнемі қайталанатын іске «ішкі терроризм» деген баға беріліп, қатаң тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.