Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Сауд Арабиясына Жамал Хашоггидің денесі қайда екенін айтуды және журналисті өлтіргендерді тез арада тауып, әділ шешім шығаруды талап етті. Бұл туралы The New York Times хабарлады.

Парламент отырысында сөз сөйлеген Ердоған «Эр-Рияд жасырып қалуға тырысқанмен, Түркияда Хашоггидің консулдықта өлтірілгеніне қатысты өзге де тың «мәліметтер мен айғақтар бар» екенін ескертті. Сонымен қатар, ол алдағы уақытта Стамбулда Сауд Арабиясының прокуроры мен қала прокурорының кездесетінін айтты. Осыған дейін Сауд Арабиясының прокуроры Эр-Рияд ұсынған мәлімдемелердің барлығын жоққа шығарып, Washington Post тілшісі Ж.Хашоггиді консулдықта өлтірудің алдын ала жоспарланғанын айтқан болатын.

Бүгінде «Хашогги ісі» әлем дүрліккен оқиғаға айналды. Себебі, ол біраз уақыт көлемінде король Салманның «астыртын әрекеттері» мен елдегі әділетсіздіктер жайлы жазған. Тілші өлімінен  соң, Германия Сауд Арабиясына қару-жарақ эскспортын уақытша тоқтатты. HSBC, Credit Suisse, MasterCard, Ford, Uber, Google сынды ірі компаниялардың басшылары Эр-Риядтағы конференцияға қатысудан бас тартты. Goldman Sachs инвестициялық банкі форумға бойкот жариялады. Ал «New York Times», «Bloomberg» және CNN медиагруппалры өз журналистерін хабар таратуға жібермейтін болды.

Айта кетер болсақ, 2 қазан күні БАҚ беттерінде «The Washington Post» басылымының журналисі Стамбұл қаласындағы Сауд Арабия консулдығына кіріп, кері шықпады» деген ақпарат тараған. Кейіннен Түркия полициясы Жамал Хашоггидің өліміне қатысы бар деген күдікпен 18 адамды қамауға алып, ел президенті Режеп Тайып Ердоған Сауд Арабия корольдігінен консулдық ғимаратындағы бейнекамера жазбаларын жариялауды талап еткен.

"The Qazaq Times"