АҚШ президенті Дональд Трамп Сауд Арабиясы билігін қатаң сынға алып, журналист Жамал Хашоггидің өліміне қатысы бар деген саудиялық шенеуніктерге санкциялар енгізді. Енді оларға «Магниттік жаһандық акт» жобасы бойынша Құрама штаттарына кіруге тыйым салынады.
Дональд Трамп өз сөзінде: «Хашоггидің өлімі Сауд Арабиясының беделіне нұқсан келтірді. Сауд Арабиясының ханзадасымен хабарласқанымда, ол бұл іске еш қатысы жоқ екенін айтты. Демек, оған басқа адамдар жауапты. Тергеу ісі әлі де жалғасып жатыр. Міндетті түрде тиісті шара қолданылады. Көп ұзамай нақты ақпарата кол жеткіземіз» – деді. Уашингтон Эр-Риядта басталған Future Investment Initiative инвестициялық форумына бойкот жариялаған болатын. Оған Германия, Франция, Ұлыбритания және АҚШ делегациялары келмеді, алайда ресейліктер бұл тараптан бөлініп, қатысушылар санын көбейтті.

Трамп Уашингтон мен Эр-Рияд қарым-қатынасының ушықпайтынын және Корольдікке қару тасымалдаудан бас тартпайтынын айтты. Журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, Ақ үй басшысы бұл қылмысқа кінәлілерді «үлкен қиындық» күтетінін айтты. Президент мәлімдемесінен соң АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео кінәлі тарап бұл жазамен ғана шектелмейтінін ескертті. «Біз Сауд Арабиясы Корольдігімен берік серіктестік қарым – қатынасты қолдайтын боламыз. Президент те, мен де бұл жағдайға ашулымыз, бірақ біздің Сауд Арабиясымен ортақ стратегиялық мүдделеріміз өзгеріссіз қалады» – деді Майк Помпео. Ал Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бин Салман оппозициялық журналист Жамал Хашоггидің өлімін «жантүршігерлік қылмыс» деп, тергеуден соң кінәлілердің заң алдында жауапқа тартылатынына уәде берді. Бірақ, Түркия президенті Ережеп Тайып Ердоған 23 қазанда Сауд Арабиясының билігі Хашоггиді қасақана және алдын ала жоспарлап өлтіргенін мәлімдеген. Түркия мен Еуропа Одағы елдері журналист өлімін тексеруді талап етіп отыр.

Еске сала кетейік, Жамал Хашогги 2 қазанда Ыстамбұлдағы Сауд Арабия консулдығында ізім-ғайым жоғалып кеткен. Бірнеше күннен соң марқұмның денесі қала маңынан табылды. Өткен аптада Сауд Арабиясы Хашоггиді консулдықта «қылқындырып өлтіргенін» мойындап, халықарлық қауымдастықтың қатаң сынына ұшырады. Бұл тарап «Хашогги ісіне» қатысы бар он сегіз адамды тұтқынға алды және жоғары шенді бес кеңесшіні лауазымынан айырды.

"The Qazaq Times"